TOP-1ПікірЭксклюзив

Қазақстан АҚШ пен Қытай бәсекесінің өткір фазасына кірді – Жанат Момынқұлов

Белгілі саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов Tizgin.kz порталына Таяу Шығыстағы шиелініс, Иранның АҚШ пен Израильге қарсы ашық текетіресі Қазақстанға қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“ПАЙДАСЫ БАР, БІРАҚ…”

Саясаттанушының айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы соңғы әскери әрекеттер, Израиль факторының күрделенуі, Ирандағы ықтимал билік трансформациясы – бұлардың барлығы Қазақстанға тікелей болмаса да, жанама әсері өте ауқымды болуы мүмкін.

“Бір қарағанда, Қазақстан үшін белгілі бір қысқа мерзімді экономикалық пайдасы бар. Егер аймақтағы шиеленіс сақталса, мұнай бағасының өсу ықтималдығы жоғары. Қазақстан экспорттаушы ел ретінде қысқа мерзімде ұтады: бюджет кірісі өседі, төлем балансы жақсарады, Ұлттық қорға түсім көбейеді. Бұл тактикалық артықшылық болар еді. Алайда стратегиялық тұрғыдан, жалпы салдары күрделірек болмақ”, – деді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының сөзінше, Иран мен Венесуэла Қытайға жеткізілетін энергия көлемінің елеулі бөлігін қамтамасыз етіп келген. АҚШ осы маңызды тұсты нысанаға алып көздеп отыр, Қытайға мұнай апаратын елдерге қысым күшейген. Егер Иран бағыты әлсіреп, АҚШ ықпалына өтсе, Қытай үшін Ресей мұнай бағытының маңызы артады. АҚШ үшін де солай.

ТӘУЕКЕЛ ҚАЙ ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ

Жанат Момынқұлов Ресейден Қытайға өтетін негізгі құрлықтық және транзиттік маршруттардың бірі Қазақстан арқылы өтетінін еске салады.

“Бірақ дәл осы жерде тәуекел басталады. Бұл Қазақстанды геоэкономикалық тұрғыдан АҚШ үшін де аса маңызды буынға айналдырады. Маңыздылық артқан сайын, қос тараптан сыртқы қысым да күшеюі мүмкін. Қытайлық медиада жуырда Орталық Азиядағы белсенділікке қатысты “қатты кетпеңіздер, нейтралитет сақтаңыздар, Ауғанстан, Украинадан сабақ алыңдар” деген астарлы сигналдарын байқап қалдық”, – дейді ол.

Сарапшы сонымен бірге Қазақстан қазір АҚШ пен Қытай арасындағы жүйелік бәсекенің өткір фазасына кіргенін айтады. Бұл тек тарифтер мен технология үшін күрес емес, бұл ықпал аймақтары мен стратегиялық дәліздер үшін күрес.

“Осы жағдайда Орталық Азия геосаяси бәсеке алаңына айналу мүмкіндігімен бетпе-бет тұр. Қазақстан теңгерімді сақтап халықаралық акторға айналып келеді. Бұл ретте Президент Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесінің және халықаралық келіссөздер бен жаһандық күштердің де маңызы зор болды. Таяу Шығыстағы жаңа қауіпсіздік жағдаятына институционалды деңгейде әскер жіберу мүмкіндігі, Авраам форматына қатысу, гуманитарлық бастамалардың барлығы Қазақстанның тек бақылаушы емес, субъект болуға ұмтылғанын көрсетеді. Бір жағынан Бейбітшілік кеңесіне кіруімізбен қазір бізге сондай рөл беріліп отыр”, – дейді саясаттанушы.

ЕҢ ҮЛКЕН ҚАУІП

Жанат Момынқұлов сонымен бірге субъект болу жан-жақтан қысымға ашық болу деген сөзді білдіретінін ескертті. Егер АҚШ-Иран шиеленісі басқарылатын деңгейде қалса, Қазақстан үшін жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болады. Мұнай бағасы өседі, ал санкциялық тәуекелдер басқарылатын деңгейде қалады. Бірақ егер эскалация кеңейсе, логистикалық жолдар бұзылса, қаржылық жүйелері қиындаса, онда экономикалық пайдадан гөрі стратегиялық тәуекел басым болады.

“Ең үлкен қауіп мұнай бағасы емес, ең үлкен қауіп – тепе-теңдіктің бұзылуы. Әлбетте, Қытаймен экономикалық серіктестік қажет. Ресеймен де тарихи және географиялық байланыс бар. АҚШ-пен технологиялық және қаржылық қатынас маңызды. Бірақ осы үш бағыттың біріне толық кіріп кету Қазақстан үшін ұзақ мерзімді тәуелділік тәуекелін тудырады. Назарбаев кезеңіндегі көпвекторлы саясаттың логикасы да дәл осы тепе-теңдікке негізделген еді. Бүгін бұл саясат Тоқаев кезінде бұрынғыдан да күрделі жағдайда іске асырылып жатыр”, – дейді ол.

Сарапшы қорытындылай айтқанда, мұнай бағасы қымбаттауы қысқа мерзімде пайда әкелуі мүмкін екенін, бірақ жалпы геосаяси турбуленттілік Қазақстан үшін пайдадан гөрі тәуекелді көбірек арттыратынын жеткізді.

“Қазақстанның басты міндеті – ірі державалардың текетіресінде алаңға айналмау. Халықаралық актор болу – біреудің орбитасына кіру емес. Сондықтан негізгі міндет табыс табу емес, стратегиялық автономияны, дипломатиялық балансты, геосаяси бейтараптықты сақтау. Бірақ Астана бір тараптың, әсіресе шығыс лагерінің қосымшасына айналмай, теңгерімді, прагматикалық, сабырлы саясат жүргізген жағдайда ғана тұрақты, тәуелсіз дами алады. Өйткені, шығыстың блогына қатты кірген немесе шығысты тым көп ішке кіргізген елдер үшін қиын кезеңдер басталады”, – деп түйді Жанат Момынқұлов.

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ШИЕЛЕНІС

Израиль мен АҚШ бүгін Тегеранға қарсы алдын ала соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Israel басылымы. Иранның IRNA ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегеранның орталығында жарылыстар естіліп, қала үстіне екі түтін бағаны көтерілген.

«Израиль мемлекеті Иранға превентивті соққы жасады. Соның салдарынан жақын арада Израиль мемлекетіне қарсы зымырандық және ұшқышсыз аппараттармен жасалатын соққы күтіледі», — деп келтіреді телеарна министрдің сөзін.

Кац елде төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сиреналар қосылғанын және тұрғындарға паналау орындарының маңында болу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілгенін хабарлады.

Иран Израиль соққы жасаған соң АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады.

Арада аз уақыттан кейін Иранның мемлекеттік телеарналары елдің көшбасшысы – аятолла Әли Хаменеи қаза болғанын растады.

Back to top button