TOP-2Спорт

Кристина Шумекова Германиядағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді

Германияның Инцелль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы үшінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Бұл жолы отандасымыз 1000 метр қашықтықта 1:16.34 уақыт көрсеткішімен қарсыластарынан озып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының өзге спортшылары да бақ сынады. Атап айтсақ, Анастасия Беловодова 1:17.99 нәтижесімен жетінші орынға тұрақтаса, Варвара Глухова 32-сатыдан көрінді. Айзада Рымбек жарысты 34-орынмен аяқтады.

Кристина Шумекова алдында 500 және 1500 метр қашықтықтарында да топ жарып, екі бірдей алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, отандасымыз жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы атанып отыр.

Мемлекет басшысы жасөспірімдер арасында конькимен жүгіруден өткен әлем біріншілігінде тамаша өнер көрсеткен Кристина Шумекованы құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кристина Шумекованың үш алтын медаль мен абсолютті әлем чемпионы атағына ие болуын отандық спорт тарихындағы ерекше оқиға ретінде бағалады.

Президенттің айтуынша, атлет мұндай табысқа талант пен табанды еңбектің, темірдей тәртіп пен жеңіске деген мұқалмас жігердің арқасында жетті. Сондай-ақ ол Кристинаның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Back to top button