Tizgin.kz редакциясына жолдаған ресми жауабында Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы өңірде қазақ сыныптары санын арттыру шаруасы қалай атқарылып жатқанын баян етті.
Алты мектепте қазақ сыныптары ашылды
Сауалхатта Солтүстік Қазақстан өңірінде кейінгі жылдары қазақ сыныптары мен қазақ мектептері қаншалықты ашылып жатқаны жайлы сұрақ қойылған. Басқарманың мәліметінше, мемлекеттік тілде оқытатын орта білім беру ұйымдарының желісін кеңейту мәселесі 2023-2029 жылдарға арналған СҚО білім беруді дамыту жөніндегі өңірлік жол картасына енгізілген.
«Ата-аналармен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында жаңа оқу жылында облыста орыс тілінде оқытатын 6 мектепте қазақ тілінде оқытатын 0-ші және 1-ші сыныптар ашылды», – делінген жауапта.
Айтылып отырған алты мектеп: Аққайың ауданындағы Астрахан орта мектебі, М. Жұмабаев ауданында Молодежное бастауыш мектебі мен Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясы, Петропавл қаласындағы №4, №9, №23 орта мектептері.
Десе де басқарма ауқымды үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан жоғарыда аталған мектептерде сыныптарда балалар (Петропавл қаласы бойынша жаңадан ашылған қазақ тілінде оқытатын 1-сынып оқушыларының саны: № 4 ОМ – 9 оқушы, № 9 ОМ – 6 оқушы, № 23 ОМ -7 оқушы, № 28 ОМ -14 оқушы) аз екенін хабарлайды.
Аралас мектептер артып келеді
Сондай-ақ, 2025-2026 оқу жылында қалада 2 аралас мектеп (№ 29 жалпы білім беретін мектеп – «Келешек мектебі» және жекеменшік бастауыш мектеп) ашылған. 2024-2025 оқу жылынан бастап аралас тілде оқытатын № 28 жалпы білім беретін мектеп («Келешек мектебі») жұмыс істейді.
2024-2025 оқу жылында орыс тілінде оқытатын 7 мектепте қазақ сыныптары ашылған. Олар: Аққайың ауданында – № 1 Смирнов ОМ, Ғ. Мүсірепов ауданында – № 1 Новоишим ОМ және Ковыльное ОМ, Тайынша ауданында – Петровка ОМ, Тимирязев ауданында – Докучаев ОМ, Шал ақын ауданында – Ақан-Барақ және Сухарабов ОМ).
«Осылайша, облыста жыл сайын аралас тілде оқытатын мектептер санының өсімі байқалады. Яғни орыс тілінде оқытатын мектептер біртіндеп қазақ тілінде оқытуға ауысады: 2023-2024 оқу жылы – 105, 2024-2025 оқу жылы – 108, 2025-2026 оқу жылы – 112. Ағымдағы оқу жылында аралас мектептер саны 4 бірлікке артты», – делінген жауапта.
Басқарма кейінгі жылдары өңірде мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде маңызды рөл атқарып отырған білім ошақтары да ашылғанын атап өтеді. Атап айтқанда, М. Жұмабаев атындағы IT-лицейде білім алушылардың басым бөлігі мемлекеттік тілде оқиды. Сондай-ақ Береке шағын ауданында бой көтерген №25 мектеп те қазақ тіліндегі білімге сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Есіл ауданында кәсіпкер қаражатына қазақ тілінде оқытатын Еңбек бастауыш мектебі салынған.