TOP-2Жаңалықтар

Айлығымды айтудың не қажеті бар еді – Шайдоров министрлікке ренішін жеткізді

Милан Олимпиадасының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Тенгриньюс басылымына берген сұхбатында Туризм және спорт министрлігінің бір ісіне ренішін білдірді. Нақтырақ айтқанда, спортшы айлығын ашық жариялаған министрліктің әрекетін өзін – құрмет тұтпау деп бағалайтынын айтты.

Спортшы еш жерде “маған мемлекет көмектеспеді” деген әңгімені айтпағанын жеткізді.

“Мен өз елімді танытып жүргенімді, көк Туымызды көтеріп, Әнұранымызды орындағанымды мақтан тұтамын. Бұл – менің арманым ед. Мен бұл эмоцияларды қазақстандықтарға, соның ішінде мәнерлеп сырғанауды немесе жалпы спортты мүлде қадағаламайтын жандарға да сыйлай алғаныма шын жүректен қуандым”, – дейді ол.

Михаил Шайдоров қаржы мәселесі жайлы сұраққа жауап берген. Көпшілікке жалақысы туралы құпия ақпараттың жария етілгенін ұнатпағанын ашық айтқан.

“Мен мұны спортшы әрі адам ретінде өзіме деген құрметтің аздығы деп санаймын. Неге дәл осыған назар аудару қажет болғанын түсінбеймін, себебі мен тек өз жұмысымды атқардым. Жаттықтым, жарыстарға қатысып, тынымсыз еңбектендім, нәтижеге ұмтылдым.

Басқа спортшыларымыз жайлы мұндай деректердің жарияланғанын көрген емеспін. Сол сияқты, өзге елдердің спортшысының жалақысын ашық есептеп, жүлдегерлерге немесе түрлі себептермен медаль ала алмаған үміткерлерге қанша қаражат жұмсалғанын жария түрде талқылайтынын да байқамадым. Спортта ең алдымен нәтиже мен сол нәтижеге апарған жол бағаланады”, – дейді ол.

Шайдоров 2025 жылы өзіне мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалғанын, пікірі тыңдалғанын, мұны жоғары бағалайтынын айтқан.

“Алайда Олимпиадалық цикл алты аймен шектелмейді. Сонымен бірге мынаны түсіну керек: алған қаражатымның барлығын дайындық пен кәсіби дамуыма – жаттығу, қалпына келу, мамандармен жұмыс істеуге бағыттадым. Мен оны ешқашан «сән-салтанат құрудың» мүмкіндігі ретінде қабылдаған емеспін. Бұл қолдау тек Олимпиада маусымына берілетінін түсіндім. Оны дайындыққа барынша тиімді пайдалануға тырыстым. Барлық ресурс бір ғана мақсатқа – жоғары нәтиже көрсетуге және ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауға жұмсалды”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров Милан Олимпиадасында алтын медаль иеленді. Ол ертең 01.30-да Астанаға ұшып келеді.

Back to top button