Күдікті бірнеше жыл бойы Түркияда бой тасалап жүрген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақпаратты Бас прокуратура таратты. Құзырлы органның және ІІМ Интерпол қызметкерлері, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен күдікті Анталья қаласында ұсталған.
“Тергеу деректеріне сәйкес, 2019-2020 жылдары күдікті Шымкент қаласының 4 жәбірленушіні алдап, ақшасы мен жер учаскелерін иемденіп, оларға жиынтығында шамамен 95 млн теңге көлемінде залал келтірген. Шетелде бой тасалаған соң, оған халықаралық іздеуге жарияланды. Кейін ол Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Отанына экстрадицияланды”, – дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.
Күдікті елге жеткізілген соң бірден қамауға алынған. Айыбы сотта дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.