Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Михаил Кузнецов TikTok-та қалдырған пікірі үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған әйелдің ісіне жөнінде пікір білдірді. Әйел әлеуметтік желіде «Петропавл – бұл Ресей» деп жазған. Сот оның бұл сөзін аумақтық тұтастықты бұзуға бағытталған насихат деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Пікір үшін бес жыл. Бүгін Петропавлда бір әйелдің “Петропавл – бұл Ресей” деген сөзі үшін бес жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жаңалықты оқыдым. Сот мұны аумақтық тұтастықты бұзуды насихаттау деп бағалаған. Мені тек сол пікірдің өзі ғана емес, оны мыңдаған адамның қолдағаны қорқытады – лайк, құптау, келісу. Міне, шынымен алаңдататыны осы. Себебі сепаратизм танкіден емес – пікірден басталады. “Онда тұрған не бар?”, “Бұл жай ғана пікір ғой” деген сөздерден басталады. Жоқ, бұл жай ғана пікір емес. Бұл – елді бөлу туралы ойды қалыпты құбылысқа айналдыру әрекеті. Мұндай дүниелерді талқылауға болатын, рұқсат етілген нәрсе ретінде көрсетуге тырысу. Бұл – ұлтаралық араздықты қоздыруға негіз болатын орта. Осындай сөздер мыңдаған лайк жинаса – бұл белгі. Қоғам ішінде мемлекеттің тұтастығына күмән келтіруге дайын адамдар бар екенінің белгісі», – деді Михаил.
Ол сондай-ақ жерлестеріне үндеу жасады:
«Ашығын айтайық: елде тұрып, оның аумақтық тұтастығын жоққа шығару – қалыпты жағдай емес. Елде тұрып, мемлекеттік тілді қабылдамау – қалыпты жағдай емес. Елді бөлу идеяларын қолдау – жол беруге болмайтын нәрсе. Қазақ тілі – мемлекеттіліктің негізі. Аумақтық тұтастық – егемендіктің іргетасы. Іргетас шайқалса, бәрі құлайды. Сөз бостандығы – сепаратизмге қалқан емес. Бес жыл – қатаң жаза. Бірақ одан да қорқыныштысы – мұндай идеялар пікірлерде қалыпты жағдайға айналғаны. Бұл – бәрімізге қойылатын сұрақ: біз кімге лайк басамыз, нені қолдаймыз және шын мәнінде қай тараптамыз. Алға, Қазақстан! Аман болыңыздар!» – деп атап өтті Михаил Кузнецов.
Қылмыстық іс жайлы
HALYQSTAN телеграм-арнасының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны TikTok-та қалдырған пікірі үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу мен сот бұл пікірді Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау деп бағалаған. Жарияланымда айтылғандай, 2025 жылы әйел Петропавл атауы талқыланған бейнероликтің астына ашық түрде пікір қалдырған. Тергеу нұсқасы бойынша, мәтінде қаланың басқа мемлекетке тиесілі болуы тиіс екені туралы тезистер және аумақтарды «қайтару» туралы ишаралар болған.
Қылмыстық іске себеп болған сөйлем былай берілген: «Петропавл – бұл Ресей, бірақ Қазақстан емес… қазір ұрлағысы келеді, бірақ ештеңе емес, жақында бәрі өз орнына келеді… сосын біз күлеміз».
Осыдан кейін бір қолданушы e-Otinish платформасы арқылы тиісті органдарға шағым жолдаған. Тексеру барысында аккаунт иесі анықталып, телефоны тәркіленіп, сараптама жасалған. Тағайындалған психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы мәтінде тыйым салынған насихат белгілері бар деген тұжырымға келген. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамай, бұл сөздерді әжесі айтқан «тарихи факт» ретінде түсінгенін және қылмыстық жауапкершілік болады деп ойламағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, ол «ойын дұрыс жеткізе алмаған», ал TikTok алгоритмдері пікірін толық жеткізуге мүмкіндік бермеген. Сондай-ақ сотта әлеуметтік желі қолданушылары әйелге ықтимал жауапкершілік туралы ескертіп, тіпті Қылмыстық кодекс нормаларын келтіргені айтылды.