Иранмен келісімге келуге 15 күннен артық уақыт берілмейді – Трамп
Вашингтон Таяу Шығыстағы әскери ықпалын күшейтіп, сонымен қатар Иранға қарсы шектеулі соққылар жасау мүмкіндігін де жоққа шығармай отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ТРАМП ТЕГЕРАНДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕМЕК
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ядролық бағдарламасына қатысты «мәнді де мағыналы» келісімге 10-15 күн ішінде келуі тиіс екенін мәлімдеді. Әйтпегенде Тегеранды «өте жағымсыз салдар» күтіп тұрғанын ескертті. Ол бұл туралы Вашингтонда өзі құрған Бейбітшілік кеңесі отырысында айтып, кейін Air Force One ұшағының бортында журналистерге берген сұхбатында тағы да растады.
Әйтпесе, жағымсыз жайттар болады, – деді Трамп. – Берілгелі тұрған 10-15 күн – бұл ең ұзақ мерзім. Осы уақыт ішінде Тегеран келісімге дайын екенін нақты көрсетуі қажет.
Осы мәлімдемелер аясында АҚШ аймақтағы әскери әлеуетін ауқымды түрде арттыруда: Таяу Шығыс жағалауларына авианосецтер, әскери кемелер мен жойғыш ұшақтар жіберілген. Америкалық шенеуніктердің бірі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде күштерді орналастыру наурыз айының ортасына қарай аяқталуы тиіс екенін айтқан. Трамп бұған дейін Иранның ядролық инфрақұрылымына жасалған соққыларды еске салып, Тегеранның әлеуеті «едәуір әлсірегенін» атап өтті, алайда алдағы қадамдар да жоққа шығарылмайтынын меңзеді.
БАҚ НЕ ДЕЙДІ
Сонымен қатар The Wall Street Journal басылымы әкімшілік ішіндегі талқылаулардан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап, Трамптың Иранның бірқатар әскери немесе мемлекеттік нысандарына алдын ала шектеулі соққы беру нұсқасын қарастырып жатқанын жазды. Басылым мәліметінше, егер президент түпкілікті мақұлдаса, мұндай әрекет бірнеше күн ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Газет дереккөздерінің бірі Трамп қысымды біртіндеп күшейте отырып, «неғұрлым шектеулі әрекеттерден» бастауы мүмкін екенін жеткізген. Мақсат – Иранды ядролық бағдарламасын толықтай тоқтатуға көндіру немесе анағұрлым ауыр салдармен бетпе-бет келтіру.
АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы келіссөздер Оманның делдалдығымен жалғасуда. Трамптың айтуынша, «жақсы келіссөздер жүріп жатыр». Дегенмен тараптар бірқатар негізгі мәселе бойынша, соның ішінде уран байыту бағдарламасының болашағы мен Вашингтонның Иранның зымыран бағдарламасына қатысты қосымша талаптары жөнінде ортақ ұстанымға келе алмай отыр.