Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл жөнінде Тоқаев Вашиңтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында мәлім етті. Президент Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті екенін жеткізді.
“Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын”, – деді ол.
Президент сонымен бірге Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отырғанын айтты.

“Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет. Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Тоқаев Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынды. “Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ” деп есептейді Тоқаев.