Әшімбаев «вице-президент кім болады» деген сұрақты «басы артық әңгіме» деп атады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан журналистер кулуарда “вице-президент кім болуы мүмкін?” деп сұрақ қойған. Жоғарғы палата төрағасы бұл сұрақты “артық әңгіме” деп атады, деп хабарлайды Тizgin.kz.
«Мұндай әңгімелердің бәрі керексіз бағытқа қоғамдық дискурсты бұрады. Сол әңгімелердің бәрі ешқандай негізі жоқ әрі Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берсе, референдумнан кейінгі кадрлық сұрақтардың бәрі елдің жаңа Конституциясына сай реттеледі. Президенттің айрықша өкілеттігіне кіретін сұрақтар легі бар. Қазір де солай: жаңа Конституция қабылданған соң қандай да бір лауазымды тұлғаны тағайындау, қандай да бір үміткерді Құрылтай қарауына енгізу мәселелері мемлекет басшысының құзырында болмақ», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы осылай дей келе осы тақырыпты талқылау немесе сол жөнінде пікір білдіру қате әрі артық деген пікір білдірді.
«Сенат тараған соң жаңа Конституция қабылданса, мен кез келген жерде ары қарай елге қызмет ете беремін. Мемлекет басшысының бастамаларын іске асырып, әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инновациялық Қазақстанды құруға көмектесе беремін», – деді Әшімбаев.