Сарбаздың жағы сынған әскери бөлімде төрт жауапты тұлға қызметінен кетті
Отарда сарбаздың жағы сынған гарнизонындағы әскери бөлімде орын алған оқиғаға қатысты кадрлық шешімдер қабылданды. Қазір іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
Бұдан басқа лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру жүргізілді. Нақты айтқанда кадрлық шешім қабылданып, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды.
“Әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметтік әрекетке сәйкес емес деп ескерту жарияланды. Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды”, – делінген хабарламада.
Министрлік барлық мән-жайға түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша берілетінін хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, сарбаз Есбол Қапардың жағдайы жақсарып келеді. Қазір ол Алматы қаласындағы қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.