TOP-1Эксклюзив

Ауыл әкімдерінің құзіретінен 170 міндеттің 17-і алынып тасталады

Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторларға жолдаған ресми жауабында ауылдық округ әкімдерінің құзіреттері қайта қаралып жатқанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Бектеновтің жауабы бойынша, бұл бағытта кешенді талдау жүргізіліп, 17 кодекстің және 100-ге жуық заңның ережелері талданған. Оның қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдеріне жүктелген 170-ке жуық функция анықталған. Ауылдық округ әкімдерінің қызметі, бірінші кезекте, елдімекендерді абаттандыруға, санитариялық жағдайды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді үйлестіруге бағдарланған.

«2025 жылғы желтоқсанда ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен үкімет деңгейінде бірқатар кеңестер өткізілді. Талқылау шеңберінде ауылдық округ әкімдерінің құзыретіне жатпайтын 11 функцияны алып тастау ұсынылды, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан және пробациядағы адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарау, денсаулық сақтау ұйымдарының стационарларында жатқан науқастарды тұрғылықты жеріне тасымалдауды ұйымдастыру және басқалары бар», – дейді жауабында Бектенов.

Әзірленген түзетулер мәжілістегі жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға енгізіледі.

Back to top button