Дариға Назарбаевамен байланысы бар қонақүйді мемлекеттік банк сатып алды
Бұған дейін Дариға Назарбаевамен байланыстырылған Астанадағы «Думан» қонақүйі қайтарылған актив ретінде «Отбасы банкке» өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-ке сілтеме жасап.
ТӨРАҒАНЫҢ АЙТҚАНЫ
Бұл жөнінде «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеген болатын.
«Тікелей «Думан» қонақүйіне қатысты айтар болсақ, білесіздер, «Думан» қонақүйі – мемлекетке қайтарылған актив. Сондықтан осы активті іске асыру саясаты аясында бірнеше аукцион өтті, онда баға, соның ішінде мемлекеттік органдарды да қанағаттандырмады. Бұл актив шаршы метр аумағы мен белгілі бір параметрлері бойынша дәл «Отбасы банкінің» көшуіне сай келді, өйткені «Отбасы банкіне» тікелей банктің ішінде арнайы есептеу қуаттарын иелену қажет, сондықтан бұл ғимарат сәйкес келді», – деді ол үкіметтегі брифингте.
ҒИМАРАТ БАҒАСЫ ҚАНША
«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басшысы «Отбасы банк» ел экономикасы үшін жүйеқұраушы банк болғандықтан, Астанаға көшу туралы тұжырымдамалық шешім қабылданғанын түсіндірді.
«Отбасы банк» конкурсқа толыққанды қатысып, бұл ғимаратты сатып алды және қаражатты мемлекетке аударды. Құны нарықтық деңгейде болды. Оның баланстық құны мұндай мәміле үшін жеткілікті тартымды болды», – деп нақтылады ол.