Жаңалықтар

Жаңа Конституция қабылданса да, орыс тілі өз мәртебесін сақтап қалады – елші

Дипломат мұны оң белгі ретінде бағалап, Халықаралық орыс тілі ұйымын құру жоспары бар екенін еске салды, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданған жағдайда орыс тілі өзінің ресми мәртебесін сақтайды. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин мәлімдеді.

Дипломат бұл шешімді «өте оң сигнал» деп бағалап, орыс тілінің ТМД кеңістігінде ғана емес, халықаралық деңгейде де маңызы арта түсуі мүмкін екенін айтты.

ЕЛШІ МӘЛІМДЕМЕСІ

ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Алексей Бородавкин:

«Мұны өте оң белгі ретінде бағалауға болады. Орыс тілі Қазақстанда өз мәртебесін сақтап қана қоймай, біздіңше, Қазақстанның бастамасымен ТМД кеңістігінде де, әлемде де маңызы арта түседі», – деді.

Сондай-ақ елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық орыс тілі ұйымын құру бастамасын көтергенін еске салды. Оның айтуынша, ұйым жұмысына кірісу үшін алдағы айларда қажетті рәсімдер өткізіледі.

ЖОБАДАҒЫ НАҚТЫЛАУЛАР

Бұған дейін Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасындағы тіл нормаларына қатысты кейбір тұжырымдарға түсінік берген болатын.

Оның айтуынша, 9-бапта қолданылған «тең» сөзі «қатар» сөзімен ауыстырылған. Алғашқы нұсқада баптың 2-тармағы:

«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» – деп көрсетілген еді. Кейін мәтіндегі тұжырым нақтыланған.

МӘН-ЖАЙЫ

21 қаңтарда Президент конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Комиссияға Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша барлық ұсыныстарды саралап, нақты жоба әзірлеу тапсырылды.

11 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс беру 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген.

Референдумға «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылды.

Дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу міндеті Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктелді. Үкіметке ЦИК-пен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп референдумды өткізуге қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Back to top button