Тоқаев жаңа Конституция жобасына түзету енгізуді ұсынды
Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны туралы ережені толықтыру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
НЕКЕ ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы бір екенін алға тартты.
Бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз. Мысалы, адвокаттар ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды, – деді ол.
Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті.
«Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді, – деді Мемлекет басшысы.
«ТҰРҒЫН ҮЙДЕН АЙЫРУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ»
Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Мемлекет басшысы мұның маңызы зор екенін жеткізді. Ол түзетулер ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керектігін де алға тартты. Айтуынша, қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды.
«Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған», – деді Тоқаев.