Жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтарға табыс салығы жеңілдеді – қалайша
Жаңа салық кодексі жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтар үшін жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша жеңілдіктер кеңейтілді. Енді мүгедектік тобына байланысты жеке табыс салығы шегерімінің мөлшері өзгереді, ал жұмыс берушілер үшін де жаңа ынталандыру тетіктері енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің төртінші отырысында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырған ұйымдардың өтініші қаралды. Көтерілген мәселе – жаңа салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты осындай қызметкерлерге салық салу тәртібі.
Не өзгерді
Енді жеке табыс салығы бойынша әлеуметтік салық шегерімі мүгедектік тобына қарай сараланады. Бұған дейін жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін табыс салығы шегерімінің жалпы шегі 882 АЕК мөлшерінде белгіленген еді. Жаңа салық кодексінде бұл норма үшінші топтағы мүгедектік үшін сақталып отыр.
Ал бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін ЖТС бойынша шегерім мөлшері едәуір ұлғайтылды – 5 000 АЕК-ке дейін. Бұл дегеніміз, осындай азаматтардың жалақысының едәуір бөлігіне салық салынбайды, сәйкесінше қолына алатын таза табысы артады. Мемлекет осылайша мүгедектігі бар адамдардың еңбек етуін қолдап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды мақсат етіп отыр.
Сонымен қатар мүгедектік тобы жыл ішінде өзгерген жағдайда ЖТС қалай есептелетіні де нақты көрсетілген. Егер қызметкердің денсаулық жағдайына байланысты үшінші топтағы мүгедектік бірінші немесе екінші топқа ауысса, немесе керісінше төмендесе, жеке табыс салығы сол күнтізбелік жыл үшін бір ғана тәртіппен есептеледі. Яғни салық кодексіне сәйкес, әлеуметтік салық шегерімін қолдануға негіз пайда болған немесе бұрын болған жыл есепке алынады.
Жұмыс берушілер үшін қандай жаңа мүмкіндіктер бар
Салық реформасы аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайтын ұйымдарға қатысты да маңызды өзгеріс енгізілді. Бұрын корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктер негізінен арнайы, мамандандырылған ұйымдарға ғана қолданылатын. Енді бұл тәсіл өзгертіліп, барлық ұйымдар үшін тең жағдай қалыптастырылды.
2026 жылдан бастап мүгедектігі бар қызметкерлерге төленетін еңбекақы қоры ұйымның жалпы жалақы қорының 51 пайызына жетсе, жұмыс беруші корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдікті пайдалана алады. Бұған дейін есту, сөйлеу немесе көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдарда қолданылған 35 пайыздық норма күшін жояды.
Бұл өзгеріс жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс істейтін мүгедектігі бар қызметкерлердің өздері үшін ЖТС бойынша жеңілдік толықтай сақталады.