Мәсімовтің зәулім үйі әлі қаңырап тұр

Қазір Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган бұл үйді басқа мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесін пысықтап жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ
Сотталған бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі Астанадағы үй инклюзивті балалар орталығын орналастыруға жарамсыз болып шықты. Бұл туралы Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
2025 жылғы қыркүйекте аталған нысан Оқу-ағарту министрлігі қарамағына беріліп, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ-ға бекітілген болатын. Алайда министрлік дерегінше, ғимарат ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мекемелерге қойылатын санитарлық талаптарға сай келмейді.
Онда күрделі жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажет. Дегенмен бұл мақсаттарға ведомство бюджетінде қаражат қарастырылмаған.
Министрлік хабарламасында атап өтілгендей, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты зақымданған, психикалық дамуы кешеуілдеген, мінез-құлқы мен қарым-қатынасында, әлеуметтік өзара әрекетінде, сондай-ақ зияткерлік дамуында ауытқуы бар балалар үшін нысан аумағында қосымша ғимарат салу қажет. Себебі қолданыстағы инфрақұрылым қажетті арнайы әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермейді.
Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі бюджетінде күрделі жөндеу, реконструкция және қосымша ғимарат салуға қаражат көзделмеген.
Қазір Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган бұл үйді басқа мемлекеттік заңды тұлғаларға беру мәселесін пысықтап жатыр.
НАҚТЫ ҚАЙ НОРМАЛАР БҰЗЫЛДЫ
Бұған дейін көктемде КУВА Астананың Нұра ауданындағы Қараөткел шағынауданында орналасқан зәулім үйдің әлеуметтік қажеттіліктер үшін тәркіленгенін хабарлаған еді. Компанияға тиісті сұранысты Астана әкімдігі жолдап, ғимаратты «қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру» мақсатында пайдалануды жоспарлаған. Алайда маусым айында зәулім үйді қаланың балансына беру мәселесі күн тәртібінде тұрмағаны белгілі болды.
Астана қаласының білім басқармасы да нысанның білім беру ұйымдарына арналған санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін мәлімдеген.
Бірақ нақты қай нормалардың бұзылғанын түсіндіріп бере алмаған. Ал КУВА өз кезегінде ғимаратты білім беру немесе оңалту мақсатында пайдалануға әбден болады деген ұстанымын білдірді.