ЕрекшеЖаңалықтар

Алғысым зор – Сабыров үнсіздікті бұзып, Ресейге алғысын айтты

Белгілі комик Нұрлан Сабыров (Нурлан Сабуров) Ресейге кіруіне 50 жыл уақыт тыйым салынғаннан кейін алғаш рет үнсіздікті бұзып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әртіс болған оқиғаға байланысты қандай да бір түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. Заңгерлері құзырлы органдармен жұмыс істейтінін айтты. Бәріне нүкте қояр уақыт келгенін де атап өтті.

“Стендап-комик ретінде жолым 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталды, кейін Мәскеуге жалғасты. Содан бері Ресейдің көп қаласында болдым. Барлық жер мені құшақ жайып, қуана қарсы алды. Менің шығармашылық дамуыма, әртіс ретінде қалыптасып, Ресей мен басқа да елдерде көпұлтты аудиторияға ие болуға мүмкіндік жасаған елге алғысым зор. Баршаңызға рақмет”, – деді ол.

Ол сонымен қатар, журналистер мен блогерлерге үн қатты. 

“Менің жеке өміріме, отбасыма, әйелім мен балама, туған-туыстарыма құрметпен қараңыздар. Жақсылық молынан болсын”, – деп түйді комик.

34 жастағы қазақстандық әзілкеш әрі жүргізуші Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жыл кіруге тыйым салынған. Журналисттер атап өткендей, 2025 жылы Сабыров миграциялық ережені бұзған, яғни елде рұқсат етілген уақыттан артық тұрған. Сол кезде ол айыппұл төлеп, екі апта ішінде елден шығып, заңға сәйкес қайта кіруі керек болған.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің хабарлауынша, бұл шешім елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау және ұлттық рухани-моральдық құндылықтарды қорғау мақсатында қабылданған.

Back to top button