ЕрекшеЖаңалықтар

Үй алу үшін зейнетақы қорындағы ақшасын шешіп алатындар азайды

Қаражат алу көлемінің күрт азаюына «Отбасы банкі» енгізген шектеулер мен желтоқсан айындағы асығыстық әсер етті, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

РЕСМИ ДЕРЕКТЕ НЕ ДЕЛІНГЕН

Бұл мәлімет мұның алдында DATA HUB Telegram-арнасында жарияланған болатын. Ал БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы барлығы 38,6 мың өтінім берген. Бұл — 2024 жылдың екінші жартысынан басталған зейнетақы жинақтарын белсенді пайдалану кезеңіндегі ең төменгі көрсеткіш. Соған ұқсас деңгей соңғы рет 2024 жылдың маусымында, бағдарламаға деген қызығушылық шарықтау шегіне жетпей тұрған кезде тіркелген.

2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда өтінім саны үштен бірге, ал 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда шамамен 90 пайызға қысқарған. Мұндай күрт төмендеудің басты себебі – ең төменгі жеткіліктілік шектерінің өзгеруіне дейінгі желтоқсандағы жаппай өтінім беру. Ол кезде көптеген азамат зейнетақы жинағын шешіп алу құқығын пайдаланып үлгеруге тырысқан.

«Алдын ала есептеулерге сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында зейнетақы жинақтарының артық бөлігін алу мүмкіндігі 885,8 мың адамда болған. Ал қаңтар айынан бастап бұл көрсеткіш 849,5 мың адамға дейін қысқарды. Сонымен қатар, желтоқсандағы белсенділіктен кейін кейбір азамат үшін алынатын сома тым аз болып, оны пайдаланудың экономикалық тұрғыдан мәні қалмады», – делінген жарияланымда.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Ақшалай көлемде алғанда, қаңтар айында орындалған өтінімдердің жалпы сомасы 50,9 млрд теңгені құрады. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 77 пайызға аз. Ал жылдық есепте төмендеу соншалықты қатты емес – небәрі 5 пайыз. Бұл жалпы инфляция деңгейінен төмен, яғни белгілі бір белсенділік сақталғанын аңғартады.

Сарапшылар өтінімдердің азаюын «Отбасы банкінде» енгізілген жаңа талаптармен де байланыстырады. Қаңтар айынан бастап банк біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы ипотеканың тек негізгі қарызын ғана өтеуге болатынын нақтылады. Ай сайынғы төлемді зейнетақы қаражаты есебінен толық жабуға енді рұқсат жоқ. Өйткені, оның бір бөлігін қарыз алушы өз қалтасынан төлеуі тиіс.

Сонымен қатар, емделуге арналған өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылды. Қаңтар айында бар болғаны 600 өтінім ғана орындалып, жалпы сомасы 600 млн теңгені құраған. Қаражаттың басым бөлігі радиохирургия қызметтеріне жұмсалған. Бұдан бөлек, зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалануға әрекет жасалған жағдайларда, ақшаның БЖЗҚ-ға кері қайтарылуын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін 2025 жыл қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары үшін шығынға толы жыл болғанын жазған едік. Мамандар мұны екі жағдаймен түсіндірді: біріншісі – теңгенің нығаюына байланысты валюта бағамының қайта есептелуі, екіншісі – инфляциялық күтулердің өсуі аясында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигациялар құнының төмендеуі.

Back to top button