Көліктерді заңсыз тіркеген бұрынғы ХҚКО қызметкерлері сотталды
Айыпталушылар қатарында әкімшілік полиция өкілдері де бар, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
БАРЛЫҒЫ 21 АЙЫПТАЛУШЫ
Жетісу облысында көлік құралдарын заңсыз тіркеуге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Іс материалдарында барлығы 21 адам айыпталушы ретінде көрсетілген. Олардың қатарында Алматы және Жетісу облыстарындағы арнайы ХҚКО қызметкерлері, әкімшілік полиция өкілдері, сондай-ақ делдалдар болған.
Сот анықтағандай, сегіз айыпталушы қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары болса, қалғандары алдын ала сөз байласу арқылы іске қатысқан. Олар құжаттарды қолдан жасап, мемлекеттік деректер базасына жалған мәліметтер енгізіп, жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан.
ІС ҚАНДАЙ БАППЕН ҚАРАЛДЫ
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 206-бабының 3-бөлігі, 385-бабы, 262-бабының 3-бөлігі және 361-бабы бойынша қаралды. Тергеу барысында 2020-2021 жылдары Алматы облысындағы Қарасай аудандық арнайы ХҚКО-да айыпталушылар шетелден әкелінген жүк көліктерін заңсыз түрде заңдастырғаны анықталды. Делдалдар арқылы алынған ақша үшін олар міндетті алымдардың төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасап, көліктерді ресімдеген. Осылайша 904 автокөлік тіркеліп, мемлекетке келтірілген шығын 5,6 млрд теңгеден асқан.
Ал 2022 жылдың 31 қазанынан 2023 жылдың 20 ақпанына дейін Жетісу облысының Сарқан ауданында дәл осындай қылмыстық схема жұмыс істеген. Ұйымдасқан қылмыстық топты айыпталушылардың бірі басқарды. Топ құрамына ХҚКО қызметкерлері, әкімшілік полиция өкілдері және делдалдар кірген. Бұл уақытта 481 көлік заңсыз рәсімделіп, мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.
ШЫҒЫН ҚАНША
Жалпы алғанда, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 9 млрд теңгеден асады.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп таныды.
«Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейін ескере отырып, сот 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасы Бақыт Ермаханов.
Оның айтуынша, сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төмен және орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде өтейтін болады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.