Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтірді деген айыппен ұсталған күдікті жігіт өмір бойына сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қылмыстық іс “аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру” бабы бойынша қайта сараланды. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдіктіге үш айып тағылған:
- 99-баптың 2-бабының 5-тармағы “Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”;
125-1-бап “Некеге мәжбүрлеу”;
115-1-бап “Сталкинг”.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.
Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.