Ерекше

Бектенов жұмысы сылбыр үш өңірді атады

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылуын мониторингілеу орталығы отырысында бірқатар өңірлерде жұмыс сылбыр екенін атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

АЙМАҚТАР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТЫ АТҚАРА АЛМАДЫ

Аталған ақпаратпен мұның алдында Үкіметтің баспасөз қызметі бөлісті. Бектеновтің мәліметінше, Алматы облысында суару жүйелерін енгізу, су үнемдеу технологияларын қолдану, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға гранттар беру мен оларды қаржыландыру бағытында жұмыс көңіл көншітпейді.

Ұлытау облысында жасыл желектерге түгендеу жүргізілмеген, халық көп шоғырланатын орындарда фандоматтар орнатылмаған, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері цифрландырылмаған.

Абай облысында «жасыл инфрақұрылым» қалыптастыру және экологиялық әрі мәдени іс-шаралар өткізу бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.

Аталған бағыттар бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің есептері тыңдалды.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Жалпы отырыс барысында экология саласына цифрлық технологияларды енгізу және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қаралды. Экология министрлігі мәліметінше, бастама жүзеге асырылған кезең ішінде 1 294 іс-шара өткізілген. Барлығы 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 миллион гектар аумақ тазартылған, 2,9 миллион ағаш отырғызылды. 

КОНСИТУЦИЯДА ЭКОЛОГИЯ АЙТЫЛА МА

Премьер-министр экологиялық қағидаттарды жаңа Конституция деңгейінде бекіту маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Жауапты әрі жасампаз патриотизмді ілгерілету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасының іргелі қағидаттарына енгізілгенін айрықша атап өткім келеді. Бұл тазалық мәдениетін, табиғатқа ұқыпты қарауды және әрбір азаматтың жауапкершілігін орнықтырады», – деді Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысында өңірлік әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шараның толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«“Таза Қазақстан” бастамасын іске асыру қазірдің өзінде нақты нәтижелерін көрсетті. Сондықтан келесі кезеңге – заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, тұрақты және басқарылатын жүйелі тәсілді қалыптастыруға көшу міндеті тұр. Бұл тұрақты әрі объективті мониторинг пен жауапкершілікті нақты бөлуге негізделуі тиіс», – деп атап өтті Премьер-министр.

 

Back to top button