Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин комиссияның 7-ші отырысында Ата заң жобасындағы қоғамда көп талқыланып жатқан тіл туралы 9-бапқа жеке тоқталды, деп жазады Tizgin.kz.
Конституция жобасы жария болғалы ел ішінде ең көп талқыланған баптың бірі – 9-бап, мемлекеттік тіл туралы тармағы. 9-бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Екінші тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Қоғамда осы тұсы көп айтылып, азаматтардың біршамасы орыс тілін ол баптан алып тастау керек дескен еді.
Ерлан Қарин бүгінгі отырыста Ата заң жобасы қоғамда көп талқыланып жатқанын, жоба сол үшін халыққа ашық жарияланғанын атап өтті. Сол жоба ішіндегі 9-бап – мемлекеттік тіл туралы тармағына жеке тоқталды
«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жобада Конституция құрылымы деп аталатын бірінші бөлімінің 9-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Яғни, бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді, демек сол үшін ең бастысы мемлекеттік сақтап, қорғау керек, ең бірінші ел бірлігін ойлау керек», – дейді Ерлан Қарин.