ЕрекшеОқиға

Ақтауда шай төгіп алған әйелге ер адамдар қол көтеріп, дәмханадан қуып шыққан

Ақтаудағы дәмханалардың бірінде шайдың абайсыз төгілуі жанжалға ұласып, ер адам әйелге қол көтерген. Оқиға жайлы жәбірленуші Lada.kz сайтына айтып берген. Сондай-ақ аталған оқиғаға қатысты Маңғыстау облысы полиция департаменті баспасөз қызметі де ақпарат таратқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға 2025 жылы 31 желтоқсан күні кешке қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Жәбірленушінің айтуынша, ол мекемеде отырған кезде шайды төгіп алған, содан кейін қоғамдық тамақтану орнының иесі жиһазды химиялық тазалауға кеткен шығынды дереу төлеуді талап еткен.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеожазбада дәмханада бірнеше ер адамның қызға күш қолданғаны көрінеді: олар оны итеріп, ұстап, келушілердің көзінше шашынан сүйреген.

Жәбірленуші келтірілген шығынды өтеуден бас тартпағанын айтады.

«Мен бас тартқан жоқпын. Қазір ініме хабарласатынымды, оның келіп, бәрін реттейтінін айттым», — дейді ол.

Алайда, оның сөзінше, ешкім туысын күтпеген. Жанжал барысында одан ұялы телефоны, ноутбугі және ішінде сырт киімі бар екі пакеті күшпен тартып алған.

«Заттарым мен сырт киімімді тартып алып, дәмханадан қуып шықты. Көшеде өтіп бара жатқан адамдардан телефон сұрауға мәжбүр болдым», – дейді әйел.

Жәбірленуші дәмхана қызметкерлерінің әрекетінде қылмыстық кодекстегі “өз бетінше әрекет ету” бабының белгілері бар деп есептейді. Алайда оның ісі бойынша тек денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен ғана іс қозғалған. Сонымен қатар, дәмхана иесі 27 қаңтарда қарсы талап-арыз түсірген.

Оқиғаға қатысты пікірді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі де білдірді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2025 жылы 31 желтоқсанда дәмхана басқарушысы мен келуші әйел арасында ауызша жанжал туындап, ол кейін физикалық қақтығысқа ұласқан. Екі тарап та дене жарақатын алған.

2026 жылы 31 қаңтарда аталған істердің материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.

Полиция өкілдері қоғамдық орындарда кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және оның әрдайым құқықтық тұрғыда қатаң бағаланатынын атап өтті.

Back to top button