Ерекше

Абай облысында сот төрағасы ұсталды – ҰҚК

Бұған дейін тінту судьяның жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайында жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

ҰҚК МӘЛІМЕТІ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері Абай аудандық сотының төрағасы Мұрат Букбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ҰҚК BES.media редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

АҚША БОПСАЛАДЫ МА

Бұған дейін Telegram-арналардың бірі Абай облысында ҰҚК департаменті судья Мұрат Бұқбаевқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Аталған арна іс аясында судьяның жұмыс орны мен тұрғылықты жерінде тінту жүргізілуі мүмкін екендігін жазды. Ол сот үкімін бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға өзгерту үшін ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінген.

Судьяға қатысты тергеудің басталуы мемлекет тарапынан сот жүйесіндегі заңдылықтың сақталуына бақылау бар екенін көрсетеді. Бұл жағдай қоғамның әділ сотқа деген сеніміне және соттар жұмысындағы ашықтыққа тікелей әсер етеді.

БҰРЫНҒЫ СУДЬЯ НЕ ДЕДІ

Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Досжан Әмір Facebook әлеуметтік желісінде үндеу жариялап, төмен жалақы сот жүйесінің тиімділігі мен тәуелсіздігіне қауіп төндіріп отырғанын айтты.

Оның сөзінше, қаржылық қиындықтарға байланысты сот қызметкерлері мамандықтан кетуге немесе қосымша, кей жағдайда заңсыз табыс көздерін іздеуге мәжбүр.

Мысал ретінде ол атқарушы билік өкілдерінің сот жүйесінде еңбек ететін мамандарға қарағанда айтарлықтай жоғары жалақы алатынын, сондай-ақ түрлі мереке мен тоқсан қорытындысында тұрақты сыйақыларға ие болатынын атап өтті. Ал облыстық және аудандық деңгейдегі сот қызметкерлері мұндай төлемдерден көбіне тыс қалады.

«ТӨМЕН ЖАЛАҚЫҒА ТӨЗІП ЖҮР»

Ал Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева Қазақстан судьялар одағы төрағасын қолдап, еңбек жағдайын жақсарту мәселесі жоғары деңгейде көтерілсе, «енді бұл туралы ашық айтуға болады» деді.

Оның айтуынша, айына 140-150 мың теңгемен күн көру қиын. Отбасы, бала-шаға бар дегендей. Судья әріптестерінің түнге дейін және демалыс күндері де жұмыс істеп, отбасымен қарым-қатынасты, жеке жоспарларын ырыра тұрып, төмен жалақыға төзіп жүргенін атап өтті.

Back to top button