ЕрекшеОқиға

Ресейде соғысты тоқтатуға шақырған саясаткерге айыппұл салынды

Ресейдің Самар облысының саясаткеріне “арнайы әскери операция (СВО)” тоқтатуды ұсынғаны үшін армияны «беделін түсіру» бабы бойынша хаттама толтырылған, деп жазады шетелдік БАҚ-тар.

28 қаңтарда Самара қаласының Ленин аудандық сотына РФ қарулы күштерінің беделін түсіру дерегі бойынша (РФ ӘҚБтК-нің 20.3.3-бабы) Демократиялық партия мүшесі, 69 жастағы Григорий Еремеевке қатысты іс материалдары түсті. Бұл туралы «7х7» басылымы (шетелдік агент) хабарлады.

Еремеев «Осторожно, новости» басылымына желтоқсан айының соңында Самар қалалық думасында сөйлеген сөзінен кейін өзіне қатысты хаттама толтырылғанын растаған. Айтуынша, ол сөзінде “арнайы әскери операцияны” тоқтатуды талап етіп, депутаттарды «сәтсіздік үшін жауапкершілікті мойындап, азаматтардан кешірім сұрауға» шақырған.

Еремеевтің сөзінше, оның баяндамасынан кейін депутаттар бірауыздан полицияға хабар беруге дауыс берген. Ал полицияда оған егер тағы да «аузына ие болмай сөйлейтін болса», қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.

Саясаткер хаттамамен келіспейтінін, оны толтыруға негіз жоқ екенін айтты. Алайда полиция бөлімінде «жоғарыдан нұсқау түскенін» жеткізген.

«Бұл – қалыпты жағдай. Билік өзін қорғайды. Қаншама адам сотталды, бізде армияның беделін түсіру бойынша хаттамалар жеткілікті», – деді Еремеев.

Сонымен қатар ол Самар облысындағы сайлау нәтижелері бұрмаланды деген мәлімдемесі үшін БАҚ еркіндігін теріс пайдалану бабы (РФ ӘҚБтК-нің 13.15-бабы) бойынша екінші іс қозғалғанын айтты. Алайда бұл іс бойынша хаттама әзірге толтырылмаған. Екінші лингвистикалық сараптама тағайындалған.

Back to top button