Зейнетақы қорында артылған ақшаны қолдану ережелері өзгеріп жатыр
Аталған банк өкілдері қарызды біртіндеп жабудың жаңа ережелерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды izgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
ӨЗГЕРІС НЕ ҮШІН
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану қағидаларына түзетулер енгізілді.
Бұл өзгерістер зейнетақы қорында артылған қаражатты жұмсауға болатын мақсатқа қатысты. Атап айтқанда, ол Отбасы банктегі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) қарыздар бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге бағытталған. Бұған дейін бұл тетік қазақстандықтарға ипотекалық несиелер бойынша ай сайынғы төлемдерді өтеуге мүмкіндік беріп келген.
БҰРЫН ҚАЛАЙ ЕДІ
Банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық қарызды ішінара өтеу» мақсатын таңдайтын. Өтінім рәсімдеп, БЖЗҚ-дан зейнетақы қорында артылған ақшасын сұрататын. Зейнетақы қоры өтінімді бес жұмыс күні ішінде қарап, артық қаражат болған жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемін Отбасы банктегі арнайы шотқа аударатын.
Қаражат түскеннен кейін клиент оны 20 жұмыс күні ішінде пайдалануы тиіс болатын. Әдетте қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезекті ай сайынғы төлем күні жүзеге асырылатын. Соның нәтижесінде ай сайынғы төлем толық жабылып жүрді.
Ай сайынғы төлем бірнеше құрамдас бөліктен тұрады:
- негізгі қарыз – тұрғын үй сатып алуға берілген қаражат;
- банк сыйақысы – несие үшін есептелетін пайыздар;
- өсімпұл мен айыппұлдар – төлем кешіктірілген жағдайда;
- кейінге қалдырылған төлемдер – несие қайта құрылымдалса;
- депозиттегі жинақтар – алдын ала қарыз рәсімделген жағдайда.
ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ
Ережелерде «қарыз берешегі» деген ұғым «негізгі қарыз» терминімен алмастырылды. Енді зейнетақы қорында артылған қаражат есебінен қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеген кезде тек негізгі қарызды ғана жабуға болады. Бұрын «қарыз берешегі» ұғымына кірген ай сайынғы төлемді толықтай біржолғы зейнетақы төлемі есебінен өтеу мүмкін болмайды.
Ал несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлемге кіретін өзге де шығындарды қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАНАТЫН МЕРЗІМ
enpf-otbasy.kz платформасында өтінім қабылдау 30 қаңтардан 31 қаңтарға қараған түні тоқтатылып, 2-ші наурызға дейін солай болып қалады. 2026 жылғы 30 қаңтарды қоса алғанға дейін тапсырылған өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралмақ.
ТАҒЫ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК
- БЖЗҚ-дан зейнетақы қорында артылған қаражатты сұрату үдерісі өзгермейді;
- Тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған өзге мақсаттар бойынша зейнетақы қорында артылған қаражатты пайдалану шарттары сол күйінде қалады.
Отбасы банк тұрғын үй, депозиттер мен несиелерге қатысты ережелердегі өзгерістер туралы ақпаратты мезгіл-мезгіл жариялап отырады. Банк бағдарламаларын пайдаланатын азаматтар үшін бұл өзгерістерден хабардар болу аса маңызды.