Қайғылы оқиға Ақмола облысы Қосшы қаласының қоғамдық мәдени-спорт кешенінде өткен хореография сабағы кезінде болған, деп хабарлайды Tizgin.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
БАСҚАРМА БӨЛІСКЕН МӘЛІМЕТ
Сабақ үстінде баланың кенеттен жағдайы нашарлаған. Жанындағылар бірден жедел жәрдем шақырғанымен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 29 қаңтар күні сағат 16:18-де Қосшы қаласынан №152 жедел жәрдем қызметіне шақырту түскен. Шақыртудың себебі – баланың басы ауырып, жүрегі айныған.
Қоңырау шалушының айтуынша, жарақат болмаған, дене қызуы көтерілмеген, құрысып қалу/қалтырау белгілері байқалмаған. Өміріне тікелей қауіп төндіретін белгілер болмағандықтан, шақырту төртінші жеделдік санатына жатқызылды. Шақырту 16:34-те қабылданып, сол сәтте мобильді бригадаға жолданды. Бригада 16:35-те жолға шығып, 16:37-де оқиға орнына жетті, – деп хабарлады ведомство.
ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ
Алайда арада аз уақыт өткен соң баланың жағдайы күрт нашарлағаны жөнінде қайта қоңырау түскен. Осыған байланысты шақырту екінші жеделдік санатына ауыстырылып, №4 бригадаға тапсырылған.
Анасының айтуынша, бала бронхиалды демікпемен (астма) ауыратын болған. Жедел жәрдем бригадасы жеткен сәтте баланы анасы мен әпкесі қолдарына көтеріп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген. Осыған байланысты дәрігерлер дереу реанимациялық шараларды жасады. Алайда тексеру нәтижесінде жедел жәрдем келгенге дейін биологиялық өлім тіркелді. Өлімнің нақты себебі әзірге белгісіз, – деді медицина қызметкерлері.
“ДЕНСАУЛЫҒЫ КҮРТ НАШАРЛАҒАН”
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған баланың қазасы Қосшы қаласының Полиция бөлімінде тіркелгенін мәлімдеді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала берілген мәлімет бойынша, сабақ барысында баланың денсаулығы күрт нашарлаған. Тексеру нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады полиция департаменті.