Кеден бекеттеріне ЕАЭО навигациялық пломбалар жүйесі енгізіле бастайды

Жетісуда «Нұр жолы» кеден бекетінде навигациялық пломбалар жүйесін енгізу тәртібі мен оны Еуразиялық экономикалық одақ аясында практикалық қолдануға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖАҢА ЖҮЙЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Дөңгелек үстел барысында ЕАЭО аумағында навигациялық пломбалар жүйесін кезең-кезеңімен енгізудің негізгі мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Қатысушыларға жүйенің ЕАЭО тәртібі, міндетті қадағалауға жататын тауарлар мен тасымалдардың тізбесі, сондай-ақ бизнес, логистикалық және көлік компаниялары үшін күтілетін өзгерістер түсіндірілді.
Іс-шара аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілі Ғарышбек Ещанов Ұлттық оператор атынан навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тасымалдарды мониторингілеуге арналған «Transit» ақпараттық жүйесін таныстырды. Жүйенің негізгі функциялық мүмкіндіктері, пайдаланушыларды қосу тәртібі мен штаттық, штаттан тыс жағдайларда жұмыс істеу алгоритмдері көрсетілді.
«2026 жылғы 11 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2025 жылғы 23 қыркүйектегі № 84 шешіміне сәйкес навигациялық пломбаларды қолдана отырып, тасымалдарды қадағалау жүйесі енгізіледі. Ол транзиттің, экспорттың кедендік рәсімдеріне, сондай-ақ өзара сауда шеңберінде ЕЭҚ мүше болған екі және одан да көп мемлекеттің аумағы бойынша автомобиль және темір жол көлігімен тасымалданатын тауарларға таралады, – деді Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Бейсебаев.
БЕКЕТ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ
«Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы Мұрат Ерденбеков «Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы бойынша шетелдік тауарларды тасымалдау кезінде кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданылатынын алға тартты.
Оның міндетті шарттарының бірі – көлік құралдарының жүк бөлімдеріне пломба салу. Осы уақытқа дейін механикалық пломбалар пайдаланылды, бұдан былай сәйкестендіру құралдары – навигациялық пломбалар енгізілетін болады, – деді ол.
Дөңгелек үстелдің соңында уәкілетті органдар мен ұлттық оператордың өкілдері жүйені енгізудің практикалық аспектілері бойынша ресми түсініктемелер берді.
Навигациялық пломбаларды енгізу – кедендік әкімшілендіруді цифрландырудаың маңызды қадамы. Ол транзиттік тасымалдардың ашықтығын арттырып, бұзушылық тәуекелдерін азайтады және сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары үшін қолайлы және болжауға болатын жағдай жасайды, – деді Мұрат Ерденбеков.