Алматыда оқушы қыз өз-өзін өлтірмек болып, жансақтау бөліміне түсті
Әлеуметтік желіде Қанат Әміркин атты азамат мектептің ішінде қызы өз-өзін өлтіруге тырысқанын айтып дабыл қақты. Оның сөзінше, баласының мұндай қадамға баруына мектептегі буллиң себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қанат Әміркин желідегі парақшасында баласы QSI атты қымбат мектепте оқитынын хабарлады. Сөзінше, өзі бір жыл бойы мектепке бір ғана қарапайым шындықты жеткізуге тырысқан: қызы әрдайым қорланатынын айтып шағымданған.
“Айттым, мәселе көтердім, сөйлесуді, түсінісуді, тоқтатуды сұрадым. Жауап ретінде – салқындық, сылтаулар, формальды жауаптар мен мәселені шешкеннен гөрі «көрмегендей» болу әлдеқайда оңай деген көзқарас болды. Бүгін біз қабылдау да, кешіру де мүмкін емес шекке жеттік – мектеп қабырғасында жасалған суицид әрекеті. Қазір менің балам жансақтау бөлімінде жатыр”, – дейді ол.
Қанат Әміркин бұл «күтпеген жағдай» емес екенін атап өтті. Айтуынша, бір жыл бойғы ескерту белгілері, үнсіздіктер мен немқұрайдылықтың салдары бүгін көрінген.
“Мен мектеп басшылығына бардым — қабылдамады. Директорға бардым — ресепшннен әрі өткізбеді. Бүгін таңғы 8:45-те хат жаздым: шұғыл сөйлесейік, неге бала мектепке барудан бас тартып жүр, неге қорқады, мәселе қайда деп сұрадым. Сөйтсем, бала сабақта жауапты қате айтса, сынып күлкіге айналдырып, мазақтайды екен. Ал мұғалім бұған тосқауыл қоймайды. Тоқтатпайды. Шекара белгілемейді. Кейде тіпті бұл үнсіздікпен қолдауға ұқсап кетеді. Америкалық мектептегі жағдай осы. Мен ұлыма әлсізді қорғауды үйретемін. Бір күні одан: «Неге сен мектепте буллиңге ұшырағандарды қорғамайсың?» деп сұрадым. Ол: «Әке, егер мен қорғап бастасам, мені де қорлай бастайды», — деді. Міне, сізге «құндылықтар». Балалар тіпті адам болып қалудан қорқады”, – дейді ол.
Қанат Әміркин бүгін мектепке ашумен барған. Себебі баласы жансақтау бөлімінде жатқанда, сабырлы дауыспен сөйлесу мүмкін емес те еді. Басшылықтан тек бір ғана адаммен ғана қалыпты сөйлесу мүмкін болды дейді өзі. Қалғандарының көзқарасы — жоғарыдан төмен, ата-ана базалық қауіпсіздікті талап еткені үшін ақталуы керек сияқты деп сипаттайды.
“Мисс Махон маған менсінбей қарады, мектепте бала өлім аузынан қалғанын тіпті сезінбегендей. Бұл — шектен шыққан немқұрайлылық. Ең қорқыныштысы — бетіме айтылған «дәлелдер». «Сіздердің елдеріңізде суицид деңгейі жоғары ғой… біз не істей аламыз?» дейді. Бұл шындап айтылған сөз бе? Бұл 25 мың доллар тұратын мектептің «қамқорлығы» ма? Камералар туралы сұрадым. «Біз жекеменшік мектеппіз, сыныптарға камера қоймаймыз, бұл — жеке өмір» деді. Ал жауапкершілік қайда? Алдын алу қайда? Бақылау қайда? Балаларды қорғауға міндетті ересектер қайда? Шынын айтайын: білім сапасы да күткен деңгейде емес. Тәртіп — жоқ. Өз көзіммен көрдім: бухгалтерияда отырғанда балалар өтіп бара жатып боқтық сөздермен сөйлесті. Мұғалімдер қасында отыр — ешкім ескерту де жасамады. Өзім айтуыма тура келді: «Бұл — сіздердің жұмыстарыңыз» дедім”, – дейді ол.
Қанат Әміркин үндемей қалмайтынын айтты. Тергеуді және нақты шараларды талап етіп, кім қорлағанын, кім көргенін – бәрін анықтамақ. Егер мектеп болған жағдайды жоққа шығаруды жалғастырса, бұл мәселені жария түрде көтермек. Жекеменшік мектептердегі педагогтерге де нақты аттестация жүйесі керек деп есептейді ол. Өйткені ақша алады, субсидия алады, салықтан босатылған, ал тәрбие мен қауіпсіздікке уақыт қалмаған.
“Бүгін жансақтау бөлімінде менің балам жатыр. Ертең оның орнында кез келген баланың болуы мүмкін. Естеріңізде болса, жазда WhatsApp-тағы әдепсіз хабарлама үшін мен басқа қаладан ата-анасы мен баласын алдыртып, кешірім сұратқыздым. Ал мұнда бұрынғы әкімнің қызы өзін «банда патшайымы» сезініп, барлық қыздарды қорлап жүр. Маған оның әкесі кім болғаны маңызды емес. Баланы дұрыс тәрбиелеу керек”, – дейді ол.
Tizgin.kz Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласып, осы жағдай жөнінде ресми түсініктеме сұраған. Материал шыққанша жауап келген жоқ.