Ауылда бизнес бастауға мемлекет қандай көмек береді
Ауылда өз кәсібін бастағысы келетін немесе ісін кеңейтуді жоспарлап отырған азаматтар үшін мемлекет тарапынан бірқатар қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Үкімет басшысының орынбасары әрі ұлттық экономика министрі бұл қолдау түрлері тек ірі шаруашылықтарға ғана емес, шағын кәсіппен айналысатын фермерлерге, өңдеумен, қолөнермен, қызмет көрсету саласымен шұғылданатын ауыл тұрғындарына да қолжетімді екенін хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.
Ауылдағы кәсіпкерлер мемлекет көмегін үш негізгі бағыт бойынша ала алады:
- жеңілдетілген несие
- пайыздық мөлшерлемені субсидиялау
- кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несиеге мемлекеттік кепілдік беру.
Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлерін қолдау бірнеше құрал арқылы жүзеге асырылады.
Біріншісі – жеңілдетілген несие
Бұл кәдімгі банктің несиеге қарағанда пайыздық мөлшерлемесі төмен, шарттары жеңіл кредиттер. Мұндай қаражатты кәсіпті бастауға, өндірісті кеңейтуге, техника алуға немесе айналым қаражатын толықтыруға пайдалануға болады.
Екіншісі – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау
Яғни кәсіпкер банкке алған несиенің пайызын толық өзі төлемейді. Оның бір бөлігін мемлекет өтейді. Соның арқасында кәсіпкер үшін несие әлдеқайда арзанға түседі.
Үшіншісі – кепілдендіру тетігі
Ауыл тұрғындарының көбі несие алуға кепіл қоятын мүліктің жетіспеуінен банкке қол жеткізе алмайды. Осы жағдайда мемлекет кәсіпкердің несиесіне ішінара кепіл болып, банк алдындағы тәуекелді өз мойнына алады.
«Өрлеу» бағдарламасы нені ұсынады?
Серік Жұманғарин 2025 жылдың маусым айынан бастап банктер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаражаты есебінен бірлесіп қаржыландыру шарттарында іске асырылатын «Өрлеу» жеңілдікті қаржыландыру бағдарламасы іске қосылғанын хабарлайды. Бағдарлама өндірісті кеңейту, жұмыспен қамтуды арттыру және технологиялық жаңару үшін жағдай жасай отырып, қаржыландыруды инвестициялық мақсаттарға, айналым қаражатын толықтыруға және бұрын берілген кредиттерді қайта қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер:
-
инвестициялық мақсаттарға;
-
айналым қаражатын толықтыруға;
-
бұрын алған несиелерін қайта қаржыландыруға
жеңілдетілген шарттармен қаражат ала алады.
«Өрлеу» бағдарламасының басты мақсаты – ауылда өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлердің технологиялық жаңаруына мүмкіндік беру. Қолдау ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және басқа да басым салаларға бағытталған. Үкімет 2026 жылы бұл бағдарламаны кеңейтіп, қаржыландыру көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік қолдау тетіктері ауыл кәсіпкерлері үшін нақты нәтиже беріп отыр.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша:
-
600-ден астам жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау тапты;
-
субсидияланған кредиттердің жалпы көлемі 97 млрд теңгеге жетті;
-
2 мыңнан астам жобаға мемлекеттік кепілдік беріліп, кепіл сомасы 225 млрд теңгеден асты.
Сонымен қатар «Даму» қорының жеке бағдарламалары аясында 470 жобаға жеңілдетілген несие беріліп, жалпы қаржыландыру көлемі 68,9 млрд теңгені құрады.
Ауыл бизнесіне арналған жаңа бірыңғай бағдарлама
Президенттің тапсырмасына сәйкес шағын бизнесті қолдаудың «Іскер аймақ» атты бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Бұл бастама ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті жаппай дамытуға бағытталған.
Бағдарлама аясында:
-
сүт, ет, былғары өнімдері;
-
қолөнер;
-
жергілікті шикізатты өңдеу
сияқты бағыттарға ерекше басымдық беріледі.
Маңызды ерекшелігі – әр өңір өз мүмкіндігі мен сұранысына қарай басым бағыттарды өзі анықтайды. Бұл жергілікті биліктің ауыл кәсіпкерлігін дамытуға жауапкершілігін арттыруға тиіс.
Мал шаруашылығына қандай қолдау көрсетіледі
2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар да әзірленіп жатыр. Жоспар аясында:
-
айналым қаражатына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие;
-
асыл тұқымды мал сатып алуға 6% мөлшерлемемен кредит;
-
жайылым инфрақұрылымын дамыту;
-
кадр даярлау
қарастырылған.
Бұл несиелер бойынша кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы 85%-ға дейін мемлекеттік кепілдік беру тетігі енгізілмек.
Ауылда бизнес бастаймын немесе кәсібімді кеңейтемін деген азаматтар осы жеңілдіктер бойынша сұрақтарына жауап алу үшін өзі тұратын ауданның кәсіпкерлік бөліміне барып, кеңес ала алады.