ЕрекшеҚоғам

«Тапсырмаларды орындап отыр»: спорт министрі шудан кейін Сәпиевті қорғап сөйледі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды облысындағы спорт шенеуніктері – Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімхановтың жаға жыртысқан жағдайы жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Бүгінгі күні әр салада мемлекеттік қызметке тұрса да әр маман бірнеше қағидалардан өтуі керек. Спорт саласында тағайындалып жатқан мамандар мемлекеттік қызмет баспалдағынан өткен азаматтар. Одан өтпесе ешқандай қызметке тағайындала алмайды. Қызметтік баспалдақтан өткен мамандар ғана тағайындала алады”, – деді ол.

Ербол Мырзабосынов Қарағанды әкімдігінде болған жағдайға байланысты былай деді:

“Серік Сәпиев депутат болған. Министрліктің спорт комитетін үш жыл басқарған. Олимпиада комитетінде еңбек еткен. Елімізде 16 Олимпиада чемпионы болса, соның – біреуі. Өз туған өлкесіне барған. Өз тәжірибесі мен өткен жолымен бөлісуге жіберілген”, – деді ол.

Ал Дәурен Есімхан туралы министр ол да арнайы критерийлерден өткен деді.

“Спортта да мансабы, баспалдақтан өткен. Оны жергілікті әкімдік тағайындайды. Егер арнайы Қарағанды облысын алсақ, 2016 жылы Қарағанды облысы Олимпиадаға 11 лицензия берсе, 2024 жылы Париж Олимпиадасында үшеу ғана беріп отыр”, – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр әкімдікте болған жағдайға байланысты тексеру басталғанын айтты. Қазір бәрі уәкілетті органның жауабын күтіп отыр.

Журналистер спорт министрінен “өңірлердің спорт басқармаларына спортшыны басшы етуді ойланып қалған жоқсыз ба?” деп сұраған. Мырзабосынов 20 өңір егер Олимпиада лицензия бермесе әлем деңгейінде бәсекелестікті орната алмаймыз деді.

“Арнайы Қарағанды облысында Серік Сәпиев әлем шыңын бағындырған. Әлем чемпионының екі дүркін жеңімпазы. Орталық мемлекеттік ұйыммен оның жұмысына берілген тапсырмалар орындалып отыр. Ал мына жағдайға әкімдік пен мемлекеттік қызмет істері департаменті баға береді”, – деді ол.

Ербол Мырзабосынов спорттың бағытында бала кезден спортпен айналысып, сол саланың проблемаларын білетін азаматтар келгені дұрыс деді. Сәпиев жөнінде “ол тапсырмаларды орындап отырғанын” айтты. Ал спорт саласы мамандарының басшылыққа келуінен еш сөкеттік көрмейтінін жеткізді.

“Ең бастысы, ол спорт саласының маманы болуы міндетті. Қарау процестері болып жатыр. Жауабы айтылады. Мықты спортшылар елдің спортын көтеруге міндетті түрде өз тәжірибесін бөлісуі дұрыс деген ұстанымды ұстанамын. Осындай мамандар өңірлердегі спортты көтеруге лайықты деп санаймын”, – деді Мырзабосынов.

Сәпиевті орынбасары ұрғанын бұған дейін БАҚ жазған еді. Тараған ақпараттарға қарағанда, ол орынбасарымен төбелескен.

Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған.

Сол күні кешке Сәпиев әлеуметтік желідегі төбелес жайлы шудан кейін үн қатып, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеді. Артынша «облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым» деген. 

Өз кезегінде Дәурен Есімханов әлеуметтік желіде шағын жазба қалдырып, БАҚ пен желідегі мәліметтер «өтірік» екенін жеткізді.

Back to top button