Ержан Бабақұмаровтың ісі бойынша сот процесі жабық өтетін болды
Бұл жөнінде өтінішхатты жәбірленуші тарап түсірген, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
СОТТЫ ЖАБЫҚ ӨТКІЗУДІҢ СЕБЕБІ
Астанада Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Судья Айжан Құлбаева сот процесін БАҚ үшін жабық өткізу туралы шешім қабылдады.
Сот отырысы өтіп жатқан кабинетке журналистерді кіргізбеді, тек баспасөз орталығында трансляция ұйымдастырылды. Алдын ала тыңдау барысында жәбірленуші тарап өкілі сот отырысын жабық өткізу қажеттігін айтты. Олардың сөзінше, істің жария түрде қаралуы Ержан Бабақұмаровтың балаларының психологиялық жағдайына және олардың кейінгі қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.
«Одан бөлек, Бабақұмаров көзі тірісінде Қазақстан Республикасы Үкіметі жанында әртүрлі жоғары лауазым атқарып, мемлекеттік құпияларға қол жеткізген. Кейбір қызметтік хат-хабарлары осы іс бойынша заттай дәлел ретінде танылған телефонда сақталғанын ескерсек, сот талқылауын, соның ішінде алдын ала тыңдауды да жабық форматта өткізу қажет деп санаймыз», – деді жәбірленуші тараптың өкілі.
Судья Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырды.
МӘН-ЖАЙЫ
2025 жылдың 30 қазанына қараған түні Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров қайтыс болды.
Полиция алдын ала деректер ге сүйеніп, таныс адамдар арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқанын алға тартты. Алынған жарақаттар салдарынан 56 жастағы ер адам көз жұмған.
Ержан Бабақұмаров 2019-2022 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ерболат Досаев қала әкімі қызметіне Бақытжан Сағынтаевтың орнына келген соң, алғаш болып Ержан Бабақұмаровты қызметтен босатқан. Кейін ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне ауысып, 2022 жылғы ақпаннан қыркүйекке дейін жұмыс істеген.
БАБАҚҰМАРОВ БҰРЫН НЕМЕН АЙНАЛЫСТЫ
Одан кейінгі қызметі туралы нақты ақпарат жоқ.
Қысқа мерзім ішінде (2019 жылғы сәуір-шілде айлары аралығында) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болған, сондай-ақ 2006-2007 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған.
Былтыр ақпан айында ол мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған.