ЕрекшеОқиға

«Асығыс баға бермейміз»: әкім Бөлекпаев Сәпиев-Есімханов дауы жөнінде пікір білдірді

Қарағандыдағы спортқа жауапты шенеуніктердің дауы жөнінде бұл жолы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пікір білдірді. Ол тиісті тексеру мен аудит жүргізілетінін айтып, мемлекеттік қызметкерлердің бәріне ескерту жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ермағанбет Бөлекпаев спорт басқармасында болған оқиға қоғамның назар аударғанын атап өтті.

«Біздің ендігі міндет – асығыс баға бермеу, орынсыз шешім қабылдамау. Әрекеттер жасалды, сол үшін жауапкершілік болуы керек. Кейбір жұмыстар кедергісіз әрі заң талаптарына сай жасалуы тиіс», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әкім мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент аталған жайтты тексеретінін, басқарманың жұмысына кешенді аудит жүргізілетінін айтты. Бөлекпаев одан бөлек тергеу басталғанын, оған қатысты адамдардың бәріне құқықтық баға берілетінін мәлім етті.

«Бәрі соны түсінсе деймін. Әріптестер, бәріміз мемлекеттік қызметкерміз. Біздің бәріміздің жұмысымыз – заң мен қызметтік этика шеңберінде жұмыс істеу. Кез келген дау мен жұмыс барысындағы келіспеушіліктер тек құқықтық шеңберде шешілуі керек. Әр мемлекеттік қызметкер өзінің және ұжымның тәртібіне, заңның сақталуы мен мемлекеттік қызметкердің абыройы үшін жауап береді», – деді Бөлекпаев.

Сәпиевті орынбасары ұрғанын бұған дейін БАҚ жазған еді. Тараған ақпараттарға қарағанда, ол орынбасарымен төбелескен.

Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған.

Сол күні кешке Сәпиев әлеуметтік желідегі төбелес жайлы шудан кейін үн қатып, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеді. Артынша «облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым» деген. 

Өз кезегінде Дәурен Есімханов әлеуметтік желіде шағын жазба қалдырып, БАҚ пен желідегі мәліметтер «өтірік» екенін жеткізді.

Back to top button