Қоғам

Серік Сәпиев орынбасарымен не себепті жаға жыртысып қалғанын айтты

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен болған соңғы даулы жағдайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Құрметті қазақстандықтар! Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық. Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды. Барлықтарыңызға рақмет! Қазақтың күші – бірлікте!” – деді ол.

Сәпиевті орынбасары ұрып кеткенін бұған дейін БАҚ жазған еді. Тараған ақпараттарға қарағанда, ол орынбасарымен төбелескен.

Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған.

Сол күні кешке Сәпиев әлеуметтік желідегі төбелес жайлы шудан кейін үн қатып, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеді.

 

Back to top button