Әскери күш-қуатты зерттейтін Global Firepower рейтиңі жаңарды: Қазақстан нешінші орында
Әлем елдерінің әскери әлеуетін талдап, зерттейтін америкалық Global Firepower жобасы 2026 жылғы рейтиңді жариялады. Қазақстан бұл тізімде 58-ші орыннан көрінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Global Firepower рейтиңі белгілі бір елдің әскери қуаты көрсеткішін анықтау үшін 60-тан астам жеке фактор бойынша зерттейді. Бұл факторларға әскери бөлімдер мен техника саны, қаржылық жағдай, логистикалық мүмкіндіктер және географиялық ерекшеліктер сынды санаттар кіреді.
“Біздің бірегей, ішкі формуласы бар әдістемеміз технологиялық тұрғыдан дамыған, бірақ көлемі шағын елдерге ірі державалармен өзін салыстыра дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тізімді нақтылау үшін жыл сайын бонус пен айыппұл түріндегі арнайы түзеткіш коэффициенттер қолданылады. Тізім жыл сайын жасалады. Түсті жебелер (жасыл, сұр және қызыл) жылдар арасындағы салыстырмалы өзгеріс үрдісін көрсетеді (өсу, тұрақтылық, төмендеу). Алайда бұл үрдістер елдің әскери қуаты әлсіреп жатыр дегенді білдірмеуі мүмкін, себебі мұндай өзгерістер Global Firepower формуласына енгізілген түзетулердің нәтижесі болуы да ықтимал”, – деп жазады зерттеушілер.
2026 жылғы GFP шолуы аясында әлемнің 145 әскери державасы қарастырылды.
Global Firepower әлемдегі әскері ең мықты мемлекеттердің ондығы осы елдер деп есептейді.

Рейтиңде Ресеймен соғысып жатқан Украина 20-шы орында тұр.

Тізімде Қазақстан әскері 58-ші орында тұр. Көршілес елдердің ішінде Өзбекстан 53-ші, ал Әзербайжан 60-шы орыннан көрінген.
Толық тізімді мына сілтемеден көруге болады.
Global Firepower рейтиңі — елдердің әскери әлеуетін салыстыруға арналған америкалық аналитикалық жоба. Ол 2006 жылы іске қосылып, бастапқыда ашық дереккөздерге негізделген әскери статистиканы жинақтайтын шағын платформа ретінде қалыптасты. Уақыт өте келе жоба кеңейіп, жыл сайын жарияланатын Military Strength Ranking рейтингі халықаралық медиада жиі қолданылатын дереккөзге айналды. Global Firepower елдердің әскери қуатын бағалау үшін жеке құрам, техника, логистика, қорғаныс бюджеті және географиялық факторларды қамтитын 60-тан астам көрсеткішті пайдаланады. Бұл деректер негізінде PowerIndex көрсеткіші есептеліп, елдердің салыстырмалы әскери әлеуеті айқындалады. Қазіргі таңда Global Firepower рейтиңі әскери ресурстарды жалпы салыстыру құралы ретінде мойындалғанымен, ол нақты соғыс қабілетін толық сипаттайтын абсолют өлшем болып саналмайды.