20 қаңтарда Шымкенттің көшесінде болған төбелеске қатысты делінген тағы үш күдікті ұсталды. Адвокат Талғат Есімовтің сөзінше, оларды қаланың полиция департаменті қызметкерлері қолға түсірген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Талғат Есімовтің мәліметінше, Василий Колесниковты өлтіру ісі бойынша үш күдікті Түлкібас ауданында ұсталған.
Атышулы оқиға Шымкенттегі Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда ер адамдардың бір-біріне пышақ сілтеп жатқан сәттері анық көрінеді. Бірнеше жігіт бір адамды мәжбүрлеп, көлікке кіргізе алмай жатқаны видеоға түсіп қалған.
Қанды қақтығыстан екі адам ауыр жарақат алып, бір адам қаза тапты.
Кейін көз жұмған адамның грек-рим күресінен әлем чемпионаты жүлдегерінің ұлы 40 жастағы Василий Колесников екені анықталды.