«Боксты төмендетпеңдер, 7 алтынды сол спорт әкелген» – Елеусінов Сәпиев ерегесі жайлы айтты
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Серік Сәпиевтің орынбасарымен жаға жыртысқаны жөнінде пікір білдірді. Ол кейбір пікір қалдырушылардың бокс спортын төмендетіп ойын жазып жатқанын сынады, деп жазады Tizgin.kz.
Данияр Елеусінов өз өмірінде бетпе-бет кездескенде өзін күрескерлер жеңе алмағанын, себебі атасы жауырыны жерге тимеген балуан болған соң өзі де бір кісідей күресе алатынын жеткізді.
«Серік ағамызға қарсы болған адамның салмағы ауыр. Ал Серік ағамыз 69 келіде боксқа шыққан спортшы. Әлі де сол салмақта. Араларында не болғанын білмеймін. Өздері шешеді ғой. Көреміз», – дейді ол.
Елеусінов сонымен қатар бокс Олимпиада ойындарына кіретін спорт екенін, сол спорттан Қазақстан боксшылары 7 алтын медаль алып, мемлекетті бүкіл әлемге танытқанын жеткізді.
«Самбоны төмендеткім келмейді. Бірақ ол спорттан бес-алты спортшы жиналып, әлем чемпионатын өткізіп жатады. Сол себепті адамдарда қызғаныш болуы мүмкін. Бокс Қазақстанның Туын көтеріп, елді әлемге танытты. Бәріміз Головкин, Жәнібек шаршы алаңға шығады деп таңнан тұрдық. Биыл өзім де шығамын. Сондықтан бокстың бағасын түсірмеу керек», – дейді ол.
Сәпиевті орынбасары ұрып кеткенін бұған дейін БАҚ жазған еді. Тараған ақпараттарға қарағанда, ол орынбасарымен төбелескен.
Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған.
Сол күні кешке Сәпиев әлеуметтік желідегі төбелес жайлы шудан кейін үн қатып, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеді.