Ерекше

Еңбек шартына деректерді дұрыс енгізбеген жұмыс берушілерге айыппұл салынады

Қазақстанда 12 наурыздан бастап еңбек шарттары туралы деректерді арнайы мемлекеттік жүйеге енгізбеген немесе қате енгізген жұмыс берушілерге айыппұл салу көзделіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ

Аталған мәліметпен мұның алдында Uchet.kz бөлісті. Аталған портал ақпаратынша, 2026 жылғы 12 наурыздан бастап елде жұмыс берушілер үшін Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен (ЕШЕАБЖ) жұмыс істеу барысында жіберілген қателіктерге қатысты жаңа жауапкершілік күшіне енеді. Енді жұмыс берушілер еңбек шарттары және оларға енгізілген барлық өзгерістер туралы мәліметтерді міндетті түрде осы арнайы мемлекеттік жүйеде тіркеуге тиіс.

Егер жұмыс беруші деректерді жүйеге уақытында енгізбесе, қажетті ақпаратты толық көрсетпесе немесе жалған мәлімет ұсынса, айыппұл арқалайды. Айыппұл көлемі кәсіпорын ауқымына және құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты белгіленеді.

Жұмыс берушілер:

  • қызметкердің ЖСН-ы және ұйымның БСН/ЖСН-ы;
  • лауазымы, жұмыс орны, шарттың мерзімі;
  • басталу күні мен нөмірі бар еңбек шартын жүйеге енгізулері тиіс.

МӘЛІМЕТ ЕНГІЗУГЕ ҚАНША УАҚЫТ БЕРІЛЕДІ

Жұмыс беруші еңбек шартын оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Шартқа өзгерістер енгізілген жағдайда – 15 жұмыс күні ішінде, ал қызметкер жұмыстан босатылған кезде үш жұмыс күні ішінде мәлімет енгізілуі қажет. Белгіленген мерзімдердің сақталмауы немесе қате деректер айыппұл салуға негіз болады.

Деректерді жүйеге енгізуге жұмыс берушінің өзі немесе арнайы тағайындалған қызметкер жауапты болады. Мұндай жауапты тұлғаны бекіту туралы бұйрық болмаған жағдайда да айыппұл салудан босатылмайды. Анықталған қателіктерді түзету үшін жұмыс берушіге 30 жұмыс күні беріледі.

Back to top button