ТЖМ бюджет ақшасына Тesla Cybertruck сатып алған: қымбат көлік қаншаға түсті
2025 жылдың соңында Алматыда Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) белгісі бар Tesla Cybertruck көлігінің видеосы тарат кеткен. Кейін бұл автокөліктің бюджет қаражатына алынғаны белгілі болды, деп жазады Tengri Auto.
Мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Zharyq ЖШС-нен Tesla Cybertruck маркалы «жедел-қызметтік автокөлікке» тапсырыс бергені көрсетілген келісімшарт жарияланған.
Келісімшарттың сомасы 127,5 миллион теңгені құраған.
«Tesla Cybertruck төтенше жағдай орындарына лауазымды тұлғалар мен жедел қызметтердің жылдам жетуіне, алғашқы барлау жүргізуге, күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіруге, сондай-ақ оқиға орнында жедел әрекет етуге арналған», – делінген құжатта.
Келісімшартта сондай-ақ Tesla Cybertruck келесі міндеттерді орындау үшін пайдаланылатыны көрсетілген:
-
басшылық пен мамандарды оқиға орнына жеткізу;
-
жағдайды бастапқы тексеру, оның ішінде қолжетімі қиын аумақтарда;
-
құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің және медицина қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру;
-
жабдықтар мен шағын жүктерді (1000 кг-ға дейін) тасымалдау;
-
күрделі әрі қолжетімі қиын жерлерде патрульдеу және жедел әрекет ету.
Құжатта көліктің берік қаңқасы туралы да айтылған:
«Cybertruck толық жетекті жүйесі, электр қозғалтқыштарының лезде жауап беруі және бейімделетін аспасы арқасында жоғары динамика мен өтімділікті қамтамасыз етеді. Тот баспайтын қорытпадан жасалған берік кузов пен соққыға төзімді әйнектер персоналдың қауіпсіздігін арттырады».
Автокөліктің жиынтығына Starlink терминалы, қуаттағыш құрылғы, квадрокоптер, қорғалған Durabook ноутбугы, радиостанция, дыбыстық-сигнал беру құрылғысы және өзге де жабдықтар енген.
Tesla Cybertruck-ті қай компания жеткізді
Tesla Cybertruck жеткізушісі — Zharyq ЖШС. Компания 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді және Алматы қаласында тіркелген. Негізгі қызмет түрі — «өзге де сымсыз телекоммуникациялық байланыс».
Құрылтайшысы — Нұрлан Әлибаев, басшысы — Данияр Әлибаев. Kompra.kz деректеріне сәйкес, компания жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 621 мемлекеттік келісімшартқа қатысқан. Серіктестік келісімшарттарды жасасу, өзгерту, бұзу және орындауға байланысты 9 сот ісінде аталған.
Сатып алуға ТЖМ не деп жауап берді
Бұған дейін Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап берген Төтенше жағдайлар министрлігі ведомство материалдық-техникалық базаны жаңартып, «құтқару техникасының заманауи үлгілерін» зерделеп жатқанын мәлімдеген.
«Материалдық-техникалық жарақтандыру аясында ТЖМ бөлімшелерін құтқару техникасы мен жабдықтарының заманауи үлгілерімен қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде», — деп хабарлады министрлікте.