ЕрекшеСпорт

«Жетысу» футбол клубын енді мемлекет қаржыландырмайды

Қазір аталған клуб мемлекеттік ұйым мәртебесінен айырылып, қоғамдық қор ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Дуанаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

ҚОҒАМДЫҚ ҚОРҒА АЙНАЛДЫ

Оның сөзінше, клубтық футболды коммерцияландыру саясаты аясында 2024 жылдың соңында 100 пайыз мемлекет меншігінде болған «Жетісу» футбол клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны таратылды.

Тиісті шешім облыс әкімдігінің 2024 жылғы 22 қазандағы №341 қаулысымен қабылданған. Клубты тікелей бюджеттен қаржыландыру сол кезде толық тоқтатылған.

2025 жылғы 5 қаңтардан бастап «Жетісу» ФК қоғамдық қор ретінде тіркелді. Бұл клубтың енді мемлекеттік мекеме емес екенін және бюджеттен тікелей қаржы алмайтынын білдіреді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Ол өңірдегі футболды қолдау бүгінде тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді. Атап айтсақ, басқарма былтыр «Облыстың кәсіби футбол командасының қызметін қамтамасыз ету және ұстау» қызметі бойынша 1,7 млрд теңге көлемінде конкурс жариялаған. Конкурс жеңімпазы ретінде «Жетісу» футбол клубы» қоғамдық қоры танылды.

ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Сонымен бірге басқарма өкілдері қаржы нақты бір клубқа немесе жекелеген футболшыларға тікелей бөлінбейтінін, қаражат футболды дамытудың кешенді міндеттерін іске асыруға бағытталатынын атап өтті.

Қаржыландыру тек негізгі команданы ғана емес, жастар, балалар-жасөспірімдер және әйелдер командаларын, сондай-ақ футбол орталығының жұмысын да қамтиды. Бұл – спорттық резерв даярлаудың толыққанды жүйесі, – деді ведомство өкілі.

2026 жылы Жетісу облысында футболды дамытуға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2,4 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл қаражат оқу-жаттығу үдерісін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, командалардың Премьер-лига, Екінші лига және Әйелдер лигасы чемпионаттарына, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарға қатысуына бағытталмақ.

Back to top button