ЕрекшеОқиға

Орал тұрғыны соғысқа бармағаны үшін Мәскеуде үш күн бойы азапталғанын мәлімдеді

Орал қаласының тұрғыны Мәруа Ескендірова әлеуметтік желілерде бауыры Жазылбек Әжіғалиевтің Мәскеуде жоғалып кеткенін хабарлады. Оның айтуынша, желтоқсан айының басында Жазылбек екінші бауыры — Батырбекпен бірге нәпақа табу үшін жолға шыққан.«Біз амалсыздықтан бардық. Бауырымның үш баласы бар, екі несиесі бар» дейді Маруа. Оқиға жайлы Батыс Қазақстандағы “Уральская неделя” басылымы жазды.

Жазылбек «Үш әпке» клиникасына медбрат болып жұмысқа орналасып, тіркеуге құжаттарын тапсырған. 2026 жылы 18 қаңтарда оған Сахароводағы көші-қон орталығынан қоңырау шалып, құжаттарының дайын екенін және алып кетуге болатынын хабарлаған.

19 қаңтар күні таңғы сағат 6:00-де Жазылбек өз нөмірінен такси шақырып, көші-қон орталығына барған. Осыдан кейін ол байланысқа шықпаған. Кейін телефон сөндірілген. Қандай таксимен кеткені белгісіз.

Сол күні кешке жоғалып кеткен азаматтың бауыры Батырбек полицияға адам жоғалғаны туралы арыз берген. Онда іздестіру жұмыстары үш тәулік өткен соң басталатыны айтылған. Мәруа да Орал қаласында полицияға арыз түсірген. Оның айтуынша, жергілікті бөлімшеге Мәскеуде Жазылбектің жоғалғаны жөнінде ІІМ-нің бағдарлауы келіп түскен.

22 қаңтар күні таңертең Жазылбек туыстарымен өзі байланысқа шыққан. Ол Алматы әуежайында болған және басынан өткен жағдайды айтып берген.

«Ол ауыр күйзеліс жағдайында болды», — дейді Маруа.

Жазылбектің айтуынша, 19 қаңтар күні таңертең ол көші-қон орталығына келген. Онда оған: «Бес минут күтіңіз», — деген. Осыдан кейін оған ресейлік полиция қызметкерлері жүгіріп келіп, орталыққа кіре берісте ұстап, электрошокер қолданған, телефонын тартып алып, басына пакет кигізген.

«Оны бөлімшеге апарып, сол жерде аяусыз соққыға жыққан. Үш тәулік бойы ұрып-соғып, электрошокермен азаптаған», — дейді Мәруа.

Зардап шегушінің айтуынша, осы уақыт ішінде оған үш рет әскери комиссариат қызметкерлері келіп, соғысқа қатысуға келісім беруін талап еткен. Жазылбек одан бас тартқан.

«Ол: “Мені өлтірсеңдер де болады, бірақ қол қоймаймын”, — деп, Қазақстанға депортациялауды талап еткен», — деп Мәруа бауырының сөзін жеткізді.

21 қаңтарға қараған түні Жазылбекті депортациялаған — оны Алматыға ұшаққа отырғызған. Сондай-ақ оған Ресейге бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынған.

Қазір Жазылбектің жақындары ресейлік полиция мен әскери комиссариат қызметкерлерінің, олардың пікірінше, заңсыз әрекеттеріне қатысты Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан реакция күтуде. «Ол әлі де есеңгіреп отыр» дейді Мәруа.

Back to top button