Ерекше

Қазақстанда екі елдің көліктері үшін утильалым қымбаттауы мүмкін

Оны 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Ресей Федерациясында белгіленген төлем мөлшеріне теңестіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ЖОБА АВТОРЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ

Kolesa.kz хабарлауынша, тиісті бұйрық жобасын Өнеркәсіп министрлігі әзірлеген. Құжатта Беларусь пен Ресейден Қазақстанға әкелінетін жеңіл автокөліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына қатысты утильалымды төлеу кезінде 2 коэффициенттік арттыру қолдану ұсынылады. Ал Қазақстанда құрастырылатын, сондай-ақ ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден, Армения мен Қырғызстаннан импортталатын көліктер үшін утильалым мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады.

Жоба авторларының түсіндіруінше, қазіргі кезде Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын автокөліктерге утильалым есептелгенде, бұл елдерде үшінші мемлекеттерден әкелінетін көліктерге қолданылатын ставкаға қосымша ретінде Қазақстанда төленген кедендік баж, қосылған құн салығы мен акциздер арасындағы айырма да өндіріп алынады.

«Мысалы, Қазақстаннан Ресейге автокөлік әкелінгенде, үшінші елдерден келетін көліктер сияқты 20% мөлшерінде ҚҚС алынады. Сонымен қатар Ресейдің утилизациялық алымын есептеу кезінде базалық ставкаға біздің елдер арасындағы ҚҚС мөлшерлемесіндегі айырмашылық ретінде қосымша 8% (2026 жылы – 4%) үстеме қосылады. Алайда ЕАЭО Кеден кодексінің 454 және 456-баптарына сәйкес, еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып Қазақстанда өндірілген автокөліктер ЕАЭО тауары болып танылады. Демек, Беларусь пен Ресейдің қазақстандық құрастырылған көліктерге қатысты кедендік коэффициенттерді қолдануы заңсыз», – делінген материалда.

ДИРЕКТОР УӘЖІ

Утильалым мөлшерлемесін өзгерту ЕАЭО аясындағы өзара сауда кезінде төлемдердегі теңгерімсіздікті жойып, реттеушілік және баға арбитражын болдырмауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Ресей мен Беларусьтен келетін көліктерге арналған утильалым Ресейде 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданылатын төлем деңгейіне тең болады.

Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың айтуынша, Қазақстан утильалым мен импорт саласында мемлекеттік, бизнес және тұтынушылар мүдделерінің теңгеріміне негізделген ашық әрі байыпты экономикалық саясат ұстанып отыр.

«Бұл тәсіл отандық өндіріс, ЕАЭО елдерінен және үшінші мемлекеттерден импорт үшін болжамды әрі тұрақты режимді сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай саясат нарықтың ашықтығын және барлық қатысушылар үшін түсінікті, тұрақты ережелерді қалыптастыруға ұмтылысты көрсетеді», – деді ол.

Back to top button