ЕрекшеСпорт

Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының нәтижесі белгілі болды

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков IBF/WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-пробасы оның ағзасында тыйым салынған заттың бар екенін растағанын мәлімдеді. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады.

«Жақында Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келді. Онда Әлімханұлының В пробасында да допинг бар екені расталды. Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Себебі ол – біздің федерация лицензиялаған боксшы, ал оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямызбен ұйымдастырылды. Енді негізгі мәселе – бұл тыйым салынған затты ол әдейі қабылдады ма, әлде басқа жолмен ағзаға түсті ме, соны анықтау. Қазір сұрақ осы тұрғыда тұр», – деді Рахимжан Ерденбеков.

Еске сала кетейік, желтоқсан айында Әлімханұлының допинг-пробасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталған болатын. Соның салдарынан оның кубалық Эрисланди Лараға қарсы үш әлем чемпиондық белбеуін біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды. Жәнібек Әлімханұлының командасы В пробаны ашуды сұраған, ол 8 қаңтар күні жүзеге асырылды. Ал кеше Ерденбеков бұл іс бойынша қайта тыңдау 23 қаңтарда өтетінін хабарлады.

Back to top button