Қазақстанда вице-президент институтын қайта енгізу бастамасы елдегі саяси жүйенің болашақ конфигурациясына қатысты қызу талқы туғыза бастады. Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл ұсынысты билік сабақтастығы мен ықтимал транзитке дайындық ретінде бағалап, оның институционалдық тәуекелдеріне назар аударады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сарапшының пікірінше, жаңа саяси конструкцияның өміршеңдігі тұлғаларға емес, мықты саяси, сайлау және сот институттарына тікелей байланысты.
“Қазақстанда вице-президент лауазымын қайта жандандыру мәселесі көтеріліп отыр. Іс жүзінде бұл әлеуетті мұрагерлер иерархиясында белгілі бір «рокировка» жасалғанын аңғартады. Бұрынғы жүйеде мұндай рөлді атқарған енат спикері енді өз құзыреттері бар вице-президентпен алмастырылмақ. Айта кету керек, кейбір елдерде вице-президент дәл осы – сенат төрағасының функциясын орындайды”, – дейді ол желідегі парақшасында.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда тарих тағы да айналып келіп, өз ізін қайталап отырғандай әсер бар. Елде вице-президент институтының тамыры Қазақ КСР кезеңіне барып тіреледі. Ол кезде бұл қызметті Ерик Асанбаев атқарған. Кейін 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл лауазымды жойған. Сәтпаев ол кезеңде президентке орынбасар да, ықтимал бәсекелес те қажет болмаған еді деп еске алады.
“Қазіргі жағдайда, шамасы, Тоқаев бәсекелестіктен гөрі, билік транзиті мен болашақтағы сабақтастық туралы көбірек ойлайтын сияқты. Яғни, вице-президент пен жаңа бірпалаталы парламенттің спикері арасында тежеу мен тепе-теңдікке негізделген жаңа саяси конфигурацияны қалыптастыру көзделіп отыр. Айта кетейік, жаңа бірпалаталы парламентке 147 депутат сайлау ұсынылуда. Бұл бұрынғы екіпалаталы парламенттегі жалпы депутат санынан аса көп айырмашылық емес. Демек, депутаттардың жалақысына кететін бюджет шығындары айтарлықтай қысқара қоймайды. Ал жаңа Халық кеңесі, мәні бойынша, билік қабылдаған шешімдерді «кең қоғамдық пікір» атынан легитимизациялау функциясын атқаратын болады. Бір кездері Қазақстан халқы Ассамблеясы да дәл осындай мақсатпен құрылған еді”, – дейді ол.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ
Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, вице-президент институты үш негізгі функцияны орындайды. Біріншіден, ол – президент қайтыс болған, отставкаға кеткен немесе импичмент жарияланған жағдайда оның өкілеттігін уақытша қабылдайтын «сақтандырушы көшбасшы». Екіншіден, саяси жүйедегі тепе-теңдікті ұстап тұру құралы. Үшіншіден, президенттің арнайы тапсырмаларын орындаушы, соның ішінде парламенттегі өкілі ретінде әрекет ететін тұлға. Айта кету керек, Қазақстанда да вице-президент президенттің парламенттегі мүддесін білдіреді.
“Алайда тәжірибе көрсеткендей, нақты бір саяси конъюнктураға бейімделіп, жиі конституциялық өзгерістер арқылы жасалған кез келген жасанды саяси құрылым өте осал келеді. Әсіресе ол жүйе халықтың сенім мандатына ие емес жекелеген тұлғаларға сүйенсе және оны тіреп тұрған мықты саяси институттар болмаса. Негізінен, мұндай саяси-құқықтық «омыртқа» ретінде сайлау және сот жүйелері қызмет етуі тиіс. Ұлттық құрылтай отырысында осы бағытта бірқатар тезистер айтылды: депутаттар Конституциялық сот судьяларының кандидатураларын мақұлдайды, ал Жоғарғы сотқа судьялар президенттің ұсынысы бойынша тағайындалады. Сонымен қатар парламент Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындауға келісім беретін болады. Жалпы алғанда, бұл – жаман емес”, – дейді ол.
Сарапшы енді парламент тек партиялық тізімдер арқылы ғана сайланатынын еске салады. “Бұл, шын мәнінде, оны атқарушы биліктің ықпалына әлдеқайда тәуелді етеді. Себебі атқарушы билік партиялық алаңды қалыптастырудың барлық тетіктерін өз қолында сақтап қалып отыр” деп есептейді ол.
Еске сала кетейік, бүгін өткен Ұлттық құрылтайда Тоқаев жаңа Парламент Құрылтай деп аталып, ол жерде 145 депутат болатынын мәлім еткен еді. Оның сөзінше, елде мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылып, вице-президент лауазымы пайда болады.