Қазақстан теміржолы Павлодар филиалының екі басшысы мердігерден қамқорлық көрсету үшін миллиондаған теңге көлемінде пара талап еткен, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
МЕРДІГЕРГЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕН
Павлодар соты «ҚТЖ» филиалының екі басшысын пара бопсалағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырды. Тергеу барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің» директоры 2021 жылғы желтоқсанда қарамағындағы қызметкерінен 56,9 мың теңге тұратын кресло алғаны анықталған. Бірнеше жылдан соң 2025 жылдың басында ол Павлодар электрмен жабдықтау дистанциясының бастығымен бірлесе, мердігерге қысым көрсете бастаған.
«Олар „Б“ ЖШС өкіліне бизнесіне және жеке өзіне қиындық тудырамыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. Оның орнына 2,7 млн теңге талап еткен. Бұл қаржы жалпы қамқорлық көрсеткені және Ақсу-1 станциясындағы электрмонтаж жұмыстары бойынша келісімшарт аясында атқарылған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін сұралған. Мердігер мәжбүрлі түрде ақшаны төлеген», – деп мәлімдеді сотта.
ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Екі айыпталушы да кінәлі деп танылды. Директор ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 1, 2 және 4-тармақтары («адамдар тобының бірнеше рет пара бопсалауы») бойынша, ал оның сыбайласы сол баптың 1 және 2-тармақтары бойынша сотталды. Екеуіне де жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.