ЕрекшеЭкономика

Теңіз кен орнында мұнай өндірісі уақытша тоқтатылды

Қазақстандағы «Теңіз» және «Королев» мұнай кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтады. Бұған өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінде туындаған техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

МҰНДАЙ ШЕШІМГЕ НЕ СЕБЕП

Мұның алдында бұл туралы ақпаратпен Reuters «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап бөліскен болатын. ТШО мәліметінше, сақтық шарасы ретінде «Теңіз» және «Королев» кен орындарындағы өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылған. Шешім мұнай зауытындағы өрттің кейбір электр тарату жүйелеріне әсер еткеніне байланысты қабылданды.

Компания өкілдері қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ дейді. Қазіргі уақытта техникалық қызметтер ақаудың себептерін анықтап жатыр. Компания мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ықтимал салдардың алдын алуға күш салып жатыр.

Сонымен қатар, ТШО Теңіз кен орны мен барлық өндірістік нысандардың қауіпсіз екенін және сенімді қорғауда тұрғанын атап өткен.

МӘН-ЖАЙЫ

18 қаңтарда «Теңізшевройл» мұнай компаниясының Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан зауытынан өрт шығып, жүздеген жұмысшы эвакуацияланды. Өрт жедел сөндірілген, зардап шеккендер жоқ.

«Теңізшевройл» ЖШС – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі саналатын Теңіз кен орнының операторы. Компания иелері: Chevron – 50%, ExxonMobil (Kazakhstan Ventures Inc) – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20%, «ЛУКОЙЛ» – 5%.

Back to top button