Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметкерлері денсаулық сақтау министрлігіне жолданған петицияда бірқатар талаптарын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz ҚазТАГ.
ПЕТИЦИЯ МАЗМҰНЫ
Айтуларынша, олар жұмыс істеуге мәжбүр болып отырған қазіргі жағдайлар түбегейлі өзгерістер мен сапалы мемлекеттік қолдауды талап етеді.
Жедел жәрдем қызметкерлері бос уәделерді емес, нақты әрі нәтижелі әрекеттерді көргісі келеді. Мемлекет тарапынан жедел жәрдем қызметкерлерінің нақты қажеттіліктері толық көлемде ескерілмей отыр. Осыған байланысты біз келесі талаптарды қоямыз: жалақыны арттыру және әлеуметтік қолдауды күшейту; жедел медициналық жәрдем қызметін ТЖМ жүйесіне енгізу; зейнеткерлік жасты төмендету; кадрлық құрамды ретке келтіру», – деп көрсетілген e-petition ресми сайтында жарияланған петицияда.
МИНИСТРЛІККЕ ЖОЛДАНЫП ҚОЙДЫ
Петиция Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігіне жолданған. Онда өтініш білдірушілер жедел медициналық жәрдем қызметі қызметкерлерінің жалақы деңгейі төмен күйінде қалып отырғанын, ал инфляцияның өсуі оның сатып алу қабілетін едәуір төмендетіп жатқанын атап өткен.
Сондай-ақ олар тұрғын үй сатып алуға жеңілдіктер беруді, жедел жәрдем бригадаларының санын және фельдшерлердің санын арттыруды талап етеді. Кәсіби күйзеліс пен физикалық қажудың бар екенін көрсетіп, осыған байланысты жедел медициналық жәрдем қызметіндегі еңбекті зиянды және қауіпті деп тануды талап еткен.
«Осы петицияда көрсетілген талаптар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларына, әлеуметтік қорғалуға және лайықты өмір сүру деңгейіне қатысты конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген петицияда.