Трамп Тоқаевты Газа бейбітшілік кеңесіне қосылуға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дональд Трамп тарапынан құрылуы көзделіп отырған Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту түсті.
АҚШ президенті Газа бойынша Бейбітшілік кеңесін құруды қолға алған. Құрылтайшы елдер ретінде қатысу жөніндегі шақыртулар бірқатар мемлекет басшыларына жолданған. Аргентина, Мажарстан, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Катар және Италия тиісті ұсыныстарды алғанын растап, оларды қабылдауға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Франция, Германия және БАӘ басшыларына да шақыртулар жіберілген, алайда әзірге олардан ресми жауап түскен жоқ.
Мемлекет басшысы АҚШ президентіне хат жолдап, шынайы ризашылығын білдірген, жаңа бірлестіктің құрамына енуге келісетінін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекетаралық сенім мен жаһандық тұрақтылықты бекітуге үлес қосуға ниетті екенін растап отыр.
Вашиңтонның тұжырымдамасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газадағы бейбіт дамуға қатысты стратегиялық бақылау, халықаралық ресурстарды жұмылдыру және қабылданған міндеттемелердің орындалуын қадағалауға жауапты болады.
Ақ үйдің хабарлауынша, құрылтайшы атқарушы кеңестің (founding executive board) құрамына дипломатия, даму, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі бар жеті көшбасшы енеді.