2025 жылы миллиардерлердің жиынтық байлығы тарихи рекордқа жетіп, 18,3 триллион долларды құрады. Бұл Oxfam ұйымының баяндамасында айтылған, деп жазады Tizgin.kz порталы DW-ға сілтеме жасап.
Ұйым мұндай экономикалық қуатты демократияға төнген қауіп деп санайды.
2025 жылы әлемдегі миллиардерлердің жиынтық байлығы 2,5 триллион АҚШ долларына артып, бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жетті. Бұл туралы Oxfam ұйымы 19 қаңтарда жариялаған жыл сайынғы баяндамасында мәлімдеді. Құжат Швейцарияның Давос қаласында өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум қарсаңында дайындалған.
Oxfam дерегінше, миллиардерлердің жалпы дәулеті 2020 жылдың наурыз айынан бері 81 пайызға өсіп, 18,3 триллион долларға (15,8 триллион еуро) жеткен. Ұйым әлемдегі ең бай адам Илон Маск төрт секундтың ішінде әлемдегі орташа жылдық табысқа тең соманы тапқанын жазады.
Сонымен бірге баяндамада әлем халқының жартысына жуығы кедейлікте өмір сүріп жатқаны, ал олардың үлесіне жаһандық байлықтың небәрі 0,52 пайызы ғана тиетіні көрсетілген. Ал ең бай бір пайыздың қолында әлемдік байлықтың 43,8 пайызы шоғырланған.
«Біз миллиардерлер дәуірінде өмір сүріп отырмыз, және бұл — әлем үшін қауіпті үрдіс», — деді Oxfam-ның Германиядағы бөлімшесінің төрайымы Шарлотта Бекер.
Оның айтуынша, аса бай топтардың экономикалық ықпалының саяси күшке айналуы демократияның іргесін шайқалтаған. Ол бұл құбылыстың теріс салдары АҚШ президенті Дональд Трамптың мысалында айқын байқалатынын айтып, байлардың мүддесіне қызмет ететін саясат әлеуметтік теңсіздікті тереңдете түсетінін атап өтті.
Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың тізімін Forbes.kz жариялаған мына сілтемеден көруге болады.