Ерекше

Қазақстан БАӘ мен Үндістанға ет экспорттауға ниетті

Қазақстан агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық географиясын кеңейту үшін кезекті қадам жасады. Негізгі назар халал ет өнімдеріне сұраныс артып келе жатқан Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістан нарықтарына аударылып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ

Осыған дейін аталған ақпаратпен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлісті. Соған сүйенсек, бұл қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Lulu Kazakhstan компаниясының бас директоры Мохидин Хусейн Файсалмен, сондай-ақ IGateway Ltd компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Гунасилан Айотхи Даниэлмен кездесу өткізді. Келіссөздер саастық-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу перспективаларына арналды.

«Шетелдік серіктестер Қазақстаннан ешкі еті мен басқа да халал ет өнімдерін импорттауға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар ықтимал жеткізілімдер халықаралық ветеринарлық-санитарлық нормалар мен сапа талаптарына толық сәйкес келуі тиіс екені ерекше атап өтілді. Халқының басым бөлігі мұсылман елдер мен азық-түлік қауіпсіздігіне қойылатын талаптары жоғары мемлекеттер үшін бұл фактор шешуші мәнге ие», – деп мәлімдеді Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі.

КЕЛІССӨЗ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Кездесу барысында Үндістанның қарқынды дамып келе жатқан тұтыну нарығы қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге қосымша мүмкіндік беретіндігі де айтылды. Орта таптың санының артуы мен тұтыну құрылымының өзгеруі сапалы етке, соның ішінде халал сегментіне тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр.

Айдарбек Сапаров Қазақстанның мал шаруашылығы саласында әлеуеті жоғары екенін және экспорт көлемін ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар министр ветеринарлық талаптарды қатаң сақтау мен ірі шетелдік нарықтарға шығудың басты шарты саналатын тұрақты әрі болжамды жеткізілімдерді қамтамасыз ету маңыздылығына назар аударды.

Келіссөз қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін жан-жақты пысықтауды жалғастыратын болды. Басым бағыттар қатарында ветеринарлық сертификаттау, тиімді логистика қалыптастыру және қазақстандық өндірушілер мен үндістандық импорттаушылар арасында тікелей байланыс орнату мәселелері аталды. Мұндай өзара іс-қимыл жеткізу тізбегін қысқартып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Back to top button